Алматыда биыл жөнделген «Атакентте» қайтадан құрылыс басталды ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Атакентте» басталған жол жұмыстарына байланысты қала тұрғындарында сұрақ туындады.
Биыл аталған қоғамдық кеңістік қоршалып, онда жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Кейін аумақ барлық тұрғын үшін ашылды. Қала әкімдігі Тимирязев көшесінде аумағы 0,37 гектар «Атакент» кешені алдындағы алаң жаңартылғанын хабарлады. Мұнда 67 ағаш және 17,2 мыңнан астам бұта егіліп, 100 метр веложолақ салынған.
Алайда тұрғындарының бірі жақында ашылған аумақта қайтадан жол жұмыстары басталғанын жазып, суреттерін жариялаған.
Оған Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді. Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Тимирязев көшесінің бойында аумақты кешенді көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жаиыр.
— Жобаны іске асыру аясында өтініште көрсетілген қауіпсіздік аралын көркейту көзделген, — деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Еске салайық, «Атакент» аумағын жаңғырту жобасы былтыр жүзеге асырылуы тиіс еді. Бірақ жоба кейін тоқтап қалды.