Қазақстан Академиясы Грекияда жаңа білім беру жобаларын бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров Грекияға жұмыс сапары барысында Еуропалық жария құқық ұйымы (EPLO) Директорлар кеңесінің отырысына қатысып, EPLO басшылығымен және Еуропалық құқық және басқару университетінің (ELGU) өкілдерімен келіссөздер жүргізді. 

Бас прокуратураның Құқық қорғау академиясы
Фото: Бас прокуратураның Құқық қорғау академиясы

EPLO – жария құқық, құқық үстемдігі және кәсіби кадрлар даярлау саласында мемлекеттерді, университеттер мен ғылыми институттарды біріктіретін халықаралық ұйым.

Бас прокуратураның Құқық қорғау академиясы
Фото: Бас прокуратураның Құқық қорғау академиясы

Кездесулердің қорытындысы бойынша Академия EPLO-мен Өзара түсіністік туралы меморандумға, ал ELGU-мен Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжаттар бірлескен білім беру, ғылыми-зерттеу және сараптамалық жобаларды дамытуға бағытталған.

Негізгі нәтижелердің бірі – Академия базасында EPLO Өңірлік орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізу болды. Орталық бірлескен зерттеулер жүргізуге, халықаралық және гранттық жобаларға қатысуға, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерін даярлау және қайта даярлауға бағытталатын болады.

Бас прокуратураның Құқық қорғау академиясы
Фото: Бас прокуратураның Құқық қорғау академиясы

Кездесу барысында қазіргі заманғы құқық қорғау қызметі үшін тікелей маңызы бар бағыттарға – киберқауіпсіздікке, жасанды интеллектіні қолдануға және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылды.

ELGU-мен ынтымақтастық аясында қос дипломды білім беру бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты және тағылымдамаларды қамтитын бірлескен білім беру бағдарламалары келісілді. Академияның 20 магистранты мен докторантын тағылымдамадан өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар тараптар бірлескен зерттеу топтарын құру және Академия базасында ELGU филиалын ашу мүмкіндігін қарастырды.

Бұл келісімдер Академияның халықаралық ынтымақтастығын бірлескен зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын іске асыру, тәжірибе алмасу, тағылымдамалар ұйымдастыру және шетелдік сараптаманы тарту арқылы практикалық бағытта дамытуға мүмкіндік береді. 

Айта кетелік Қазақстанда халықаралық құқық қауымдастығының бөлімшесі ашылды