Қазақстан ақпараттық қоғамға қадам басудың аз-ақ алдында тұр - Байланыс және ақпарат вице-министрі
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстанның ақпараттық қоғамға айналуына аз ғана уақыт қалды»,-дейді Байланыс және ақпарат министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов. Бұл туралы ол бүгін Bnews.kz порталы арқылы өткен он-лайн конференция барысында мәлім етті.
Бүгінгі конференция Қазақстан Республикасындағы 2010-2014 жылдарға арналған ақпараттық - коммуникациялық технологияларды дамтудың басым бағыттарына арналған болатын. Осы мәселеге байланысты азаматтардың сауалдарына жауап берген вице-министрдің сөзіне қарағанда, XXI ғасырда әрбір ел мүмкіндігінше ақпараттық қоғамға айналуға тырысып бағуда. «Дегенмен бізде әлі ақпараттық қоғамның не екендігін жете түсіне бермейтін топтар да бар. Ақпарттық қоғам деп ұялы телефон мен интернетті күнделікті қажеттілік ретінде емін-еркін әрі кеңінен пайдаланатын қоғамды атауға болады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан бүгін осы қоғамға қадам басудың аз-ақ алдында тұр. Биылғы жылы елімізде осы салада үлкен істер атқарылды. Меніңше біз бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелерін алдағы жылдың алғашқы жартысында айқын сезіне бастаймыз», - деді С.Сәрсенов.
Оның сөзіне қарағанда, ақпаратпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жөнінде сөз қозғағанда бірінші кезекте инфрақұрылымдық жобалар еске түседі. «Мысалы телекоммуникация саласын алып қарайық. Осының ішіндегі байланыс саласы күнделікті өмірдегі аса үлкен қажеттіліктердің бірі. Ал біздің мақсат - тұрғындарды осы қажеттілікпен күндіз-түні және үзіліссіз қамтамасыз ету. Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтары телефонмен қамтамасыз етілген. Осы тұрғыдан алғанда біз дыбыс арқылы хабар беру саласында алдыға қойған міндеттерді атқардық деуге толық негіз бар. Ал интернетпен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, біз қазір бұл мәселені шешу үстіндеміз», -деді вице-министр.
Сондай-ақ оның паймыдауынша, қазір ақпараттық технологияларсыз бірде-бір елдің экономикасы алға баспайды. Яғни, ақпараттық технологиялардың біздің өмірімізге ықпалы өте зор. «Бұл бағытта айта кетуге тұрарлық мәселе - біз азуын айға білеген АҚШ-ты басып озуға ұмтылып отырған жоқпыз. Бізге ең құрығанда өзіміздің елімізде ақпараттық технологияларды отандық мамандардың шығаруына қол жеткізуіміз керек. Бұл ақпараттық технологиялар саласында министрліктің алдына қойып отырған басты міндеті»,- деді министрлік өкілі.