Қазақстан АҚШ пен Ресей арасында қол қойылатын стратегиялық шабуылдаушы қаруларды қысқарту жөніндегі шартты құптайды -Н. Назарбаев
Бұл туралы бүгін Ақордада БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен болған келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қарусыздану, ядролық қауіпсіздік ісінде көп істер тындырған Қазақстан ядролық қарудан ада әлемді қалыптастыру жолында басқа мемлекеттерді ылғи да алға қадам жасауға шақырып келеді. Осыған байланысты біз ертең Прагада АҚШ пен Ресей президенттері арасында қол қойылуы жоспарланып отырған стратегиялық шабуылдаушы қаруларды қысқарту жөніндегі жаңа шартты құптаймыз. Бұл екі ірі ядролық мемлекет жеке арсеналдарын қысқарту және жаһандық ядролық қауіпсіздікке қол жеткізу үшін берік саяси ерік-жігерін көрсетіп отырғанын көрсетеді. Бұл ядролық қарусыз адамзаттың келешегі мүмкін екендігінен және оған қол жеткізуге болатындығынан үміттендіреді», деді Н. Назарбаев.
Осы орайда Н. Назарбаев Қазақстан алдағы уақытта да жер бетіндегі миллиондаған адамдардың осы арман-тілегін БҰҰ-мен бірге өмір шындығына айналдыруға бар күш-жігерін жұмсайтынын атап көрсетті.