Қазақстан АҚШ-тағы B20 саммитіне ең үлкен бизнес-делегациямен келді

АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтондағы B20 саммитіндегі ең үлкен делегация қазақстандық бизнесмендер болды. Олар АҚШ-тың 100-ден астам компаниясы шақырылған «Стратегиялық серіктестіктен — нақты жобаларға» атты Қазақстан-Америка бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі оқиға орнынан.

Саммит B20 в США: Казахстан представлен самой многочисленной бизнес-делегацией
Фото: Рустем Кожыбаев / Kazinform

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және АҚШ Сауда палатасымен бірлесіп, Қазақстан Президентінің желтоқсанда АҚШ Президентінің шақыруымен G20 саммитіне қатысу үшін Майамиге баратын сапары алдында ұйымдастырды.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Американың жоғары лауазымды дипломаты АҚШ дипломатиясы экономикалық және коммерциялық мәселелерге қайта оралуға басымдық беретінін мәлімдеді. АҚШ үкіметінің мақсаты — американдық компаниялардың бүкіл әлемдегі мүмкіндіктер туралы хабардар болуын қамтамасыз ету, өйткені Американың күші жеке секторда. 

— Мен мұнда Америка халқына да, Қазақстан халқына да пайда әкелетін Қазақстандағы мүмкіндіктерге қызығушылық танытқан көптеген американдық жеке сектор өкілдерін көргеніме өте қуаныштымын, — деді Кристофер Ландау.

Мемлекеттік департаменттің өкілі қызметке кіріскен кездегі негізгі басымдықтарының бірі Қазақстанмен және басқа да Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастың маңыздылығын арттыру болғанын мәлімдеді.

— Қазақстан өкілдері ең үлкен B20 делегация. Менің ойымша, бұл Қазақстанның әлемдік аренада ірі экономикалық ойыншыға айналғанының белгісі. Сіздер айналаңызда біздің жеке секторымыздың тұрақты, жоғары құрметті өкілдерін көріп отырсыздар деп ойлаймын және бұл біздің қазақстандық достарымызға сіздермен қарым-қатынасқа қаншалықты байыпты қарайтынымызды және оның қаншалықты басымдыққа ие екенін көрсетуі керек деп ойлаймын, — деді ол.

АҚШ-тың жоғары лауазымды дипломаты сонымен қатар Қазақстан Президентінің көшбасшылығын атап өтті.

— Менің ойымша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мықты әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол, бәлкім, Си Цзиньпинмен, Владимир Путинмен және Дональд Трамппен олардың өз тілінде аудармашысыз сөйлесе алатын бірден-бір әлемдік көшбасшы, — деді Ландау.

Дипломат Дональд Трамптың Қасым-Жомарт Тоқаевты G20 саммитіне бақылаушы ретінде қатысуға шақырғанын ризашылықпен тілге алды.

Ол американдық бизнестің Қазақстанда жұмыс істеуде оң тәжірибесі бар екенін, бірақ екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті әлі толық жүзеге аспағанын атап өтті.

— Біз екі елдің де экономикалық және коммерциялық мүддесін жақсы түсінеміз және Қазақстан үкіметіне, Қазақстан мен АҚШ жеке секторына алғысымызды білдіреміз, — деді Кристофер Ландау ризашылығын білдірді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары және көлік министрі Әсел Жанасова Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын нығайтуға, контейнерлік транзит көлемін арттыруға, көлік терминалдары мен порттарына Америка инвестициясын тартуға және әуе тасымалын дамытуға баса назар аударды. 

— Біз Орта дәлізді дамытып жатырмыз және TRIPP (Трамп жолы) жобасын оның ортақ жалғасы ретінде қарастырамыз, — деді Әсел Жанасова.

Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастық болашағы үшін берік негіз қалады.

— Біз мұны тек президенттеріміз қол жеткізген келісімнен ғана емес, сонымен қатар компанияларымыздың қол жеткізген нәтижелерінен де көріп отырмыз. Біз жаңа салаларды, заманауи көлік инфрақұрылымын және халықаралық сауданың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қолдай алатын американдық инвестициялар мен жасанды интеллект технологияларын құптаймыз, — деді Әсел Жанасова.

Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарымен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп арасындағы диалог қарым-қатынастарға күшті саяси серпін бергенін атап өтті.

— Біздің ортақ міндетіміз — осы серпінді бизнесіміз үшін нақты нәтижелерге айналдыру, — деді Ержан Қазыхан.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Жолдауында көрсетілген Қазақстанның даму басымдықтары американдық аудиторияға жеткізілді. Оларға инфрақұрылымды жаңғырту, экономикалық әртараптандыру, технологиялық инновациялар және жеке инвестициялар кіреді. Ел 2029 жылға дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 14 миллиард доллар бөлуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, елдегі саяси реформалар экономикалық басымдықтарды нығайтуда. Мысалы, Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануы меншік құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін нығайтты және болжамды инвестициялық орта үшін құқықтық негізді нығайтты.

— Американдық бизнес үшін бұл басымдықтар бірлескен кәсіпорындар, озық өндіріс, маңызды минералдарды өңдеу және технологиялар трансферті үшін нақты мүмкіндіктерге айналады, — деді Ержан Қазыхан.

Ол Қазақстанның энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларында, сондай-ақ Азия мен Еуропа арасындағы маңызды буын ретінде Орта дәлізді дамытуда айтарлықтай әлеуетке ие екенін тілге тиек етті.

— Біз Американың тәжірибесі мен капиталын Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетімен біріктіретін, сондай-ақ аймақтық нарықтарға қол жеткізуді, білікті жұмыс орындарын және жаһандық құндылықтар тізбегіндегі интеграциямызды нығайтатын жаһандық серіктестікті орнатуға ұмтыламыз, — деді Ержан Қазыхан.

АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанна Кларк 97 елден 5000 өкіл келгенін атап өтіп, B20 саммитіндегі ең үлкен делегация болған Қазақстан бизнесіне алғыс айтты.

— Біз сіздердің осы іс-шараға келгендеріңіз үшін, әрі АҚШ-пен тамаша ынтымақтастық орнатқандарыңыз үшін қуаныштымыз. Сіздер ең үлкен делегациямен келдіңіздер, бұл біз үшін зор құрмет. Рақмет, — деді Сюзанна Кларк ризашылығын білдірді.

Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Kazakh Invest ұлттық компаниясының өкілдеріне, сондай-ақ осы іс-шараны бірлесіп ұйымдастырғаны үшін АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландауға алғыс айтылды.

— Бәріміздің осы жиынға келгеніміздің бір себебі, біз Қазақстанның жаһандық экономикаға – энергетикаға, маңызды минералдарға, цифрлық инфрақұрылымға және ауыл шаруашылығына ұсынар мүмкіндігі мол екенін білеміз. Сіздердің барлығыңыз Қазақстанның стратегиялық орнын, Еуропа мен Азияны байланыстыратынын және шын мәніндегі маңызды экономикалық серіктеске айналып келе жатқанын білесіздер. Біздің елдеріміз арасындағы іскерлік серіктестіктің де маңызы арта түсті, — деді Сюзанна Кларк.

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Ілиясов минералды ресурстардан, көлік логистикасынан және цифрлық технологиялардан бастап бизнес мәселелеріне дейін көптеген тақырыптар талқыланғанын айтты.

— Америка тарапы зор қызығушылық білдірді. Талқылау барысында көптеген қызықты мәселелер көтерілді, бұл американдық бизнес топтарының Қазақстанға деген айқын қызығушылығын көрсетеді, — деді Мағжан Ілиясов.

Бұл іс-шара Майамиде өтетін үлкен G20 саммитіне дайындық кезеңі болып табылады. Мемлекеттік сапардың іскерлік бөлігі қазіргі уақытта G20 саммиті аясында әзірленіп жатыр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев іс-шараның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сондай-ақ дәстүрлі экономикалық салалардан тыс ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанын атап өтті.

— Мен атап өткім келген ең маңызды нәрсе — американдық компаниялардың қызығушылығы қазірдің өзінде кең және ол мұнай мен газ сияқты дәстүрлі ынтымақтастық салаларынан тысқары шықты, — деді ол.

Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінгі форумға Қазақстан экономикасына инвестиция салған Pepsi және Mars сияқты компаниялардың өкілдері қатысты, олар қазіргі уақытта Қазақстанда зауыттар салып жатыр.

Бүгінгі форумдағы талқылаудың негізгі бағыттарының бірі көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық болды. Жасанды интеллект, өнеркәсіптік тауарлар өндірісі және азық-түлік өндірісі саласындағы ынтымақтастық та өзара қызығушылық тудырады.

— Американдық компаниялар мен қазақстандық тараптың жоғары деңгейдегі әріптестігі инвестициялардың артуына және өзара ынтымақтастықтың кеңеюіне әкелуі керек, — деді Қанат Шарлапаев.

ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Кәрімсақов өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қаржы секторы және көлік саласындағы негізгі даму салаларындағы 100-ге жуық жетекші американдық компанияланың қатысқанын атап өтті.

— Бұл жетекші американдық компаниялар қазіргі уақытта Қазақстанда және бүкіл Орталық Азия аймағында жүзеге асыруға дайын отырған барлық ағымдағы және перспективалы жобаларды тікелей талқылауға тамаша мүмкіндік. Осы уақыт ішінде біздің құрметті кәсіпкерлеріміз негізгі салаларда, әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуда ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын таба алады деп үміттенеміз.

Американдық компаниялар бізге жаңа мүмкіндіктер ұсынуға дайын, — деді Мұрат Кәрімсақов.
IG Asia вице-президенті Стефани Эштон IG Global Group құрамына кіретін компанияның 2021 жылдан бері Қазақстанда минералды өндіру саласында жұмыс істеп келе жатқанын түсіндірді.

— Біз кен орындарымызды игеруге көмектесу үшін АҚШ-тан серіктестерді Қазақстанға тартып жатырмыз. Бізде бірнеше ірі жобалар бар және біз бұл жұмыс істеуге тамаша орын деп санаймыз. Біз шынымен де өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бізде қаржыландыру мен технология саласында өте жақсы серіктестер бар. Сондықтан біз Қазақстанды жақсы көреміз, — деп мойындады Эштон.

АҚШ бизнес өкілі Қазақстан Президентінің Жолдауына елдің инфрақұрылымын дамыту жоспарлары тұрғысынан пікір білдірді.

— Бізге керегі де сол, бұл біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Сізге осы инфрақұрылымның барлығы, әсіресе батыс капиталын тарту үшін қажет. Сіз құрып отырған инфрақұрылым біздің капиталымызды Қазақстанға тартуға көмектеседі деп сенемін. Біз Қазақстанда жұмыс істегенді жақсы көреміз және сізбен бірге оның толық әлеуетін дамытуды асыға күтеміз, — деді Стефани Эштон.

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Бас прокурордың Конституциялық заңда Инвестициялық омбудсмен ретінде бекітілгенін мәлімдеді. Бұл инвесторлардың құқықтарын қорғауды Конституциялық заң деңгейіне көтереді.

Оның айтуынша, инвесторлар толық қорғалған, себебі ешбір мемлекеттік немесе квазимемлекеттік орган Инвестициялық прокурордың хабарламасы мен мақұлдауынсыз шешім қабылдай алмайды, сондай-ақ бұрын берілген рұқсатты қайтарып ала алмайды.

— Біз инвесторларды қорғауды тек бизнесті қолдау ретінде ғана емес, сонымен қатар тұрақты инвестициялық ахуалдың ең маңызды мемлекеттік кепілі ретінде қарастырамыз, — деді Жандос Өмірәлиев.

Осылайша, инвесторлар тек туындайтын мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді қамтамасыз етуге қабілетті бірыңғай институтқа жүгіну мүмкіндігіне ие. 

Center for International Private Enterprise Еуропа және Еуразия аймақтық орталығының директоры Элизабет Ленц Джедваб B5+1 бастамасы C5+1 форматының бизнес бағытындағы бөлігі болып табылатынын және Орталық Азия елдеріндегі бизнес пен үкіметтер арасындағы бизнес ахуалын жақсарту, сауданы кеңейту және инвестицияларды тарту бойынша өзара әрекеттесуді нығайтуға бағытталғанын тілге тиек етті.

2023 жылы АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен іске қосылған платформа өзінің алғашқы форумын Қазақстан үкіметінің қатысуымен 2024 жылы Алматыда өткізді.

— Орталық Азия елдерінің үкіметтері B5+1 форматында айтылған 30-дан астам саяси ұсынымды толығымен немесе ішінара қабылдады, — деп атап өтті Элизабет Ленц Джедваб.

Қазақстан бұл бастамада белсенді рөл атқарады: 100-ден астам қазақстандық компания американдық және аймақтық бизнеспен бірге тиісті жұмыс топтарына қатысады.

— Біз Қазақстанның B5+1-дегі көшбасшылығын сақтайды деп үміттенеміз және біз АҚШ пен Қазақстан компанияларын 2027 жылдың сәуірінде Душанбеде өтетін келесі форумға шақырдық, — деді Элизабет Ленц Джедваб. 

Alvarez & Marsal басқарушы директоры Эрикс Цигузис іс-шараның үкімет, қазақстандық компаниялар және американдық серіктестер арасындағы қарым-қатынастарды орнату және дамыту үшін маңыздылығын атап өтті.

— Бұл форум негізгі табыс факторларын анықтауға және бейресми жағдайда қарым-қатынастарды дамытуға мүмкіндік жасауға бағытталған. Ең бастысы тұжырымдамалық идеяларды екі тарап үшін де практикалық және қаржылық тұрғыдан тиімді жобаларға айналдыру болып отыр, — деді Эрикс Цигузис.

Эрикс Цигузис өз компаниясы жайлы айта келе, оның екі тарапқа да кеңес беру қызметтерін көрсететінін жеткізді. Атап айтқанда, қазақстандық компанияларға жобаларды инвесторларға ұсынуға көмектеседі, ал инвесторларға жобалар тұжырымдамадан нақты табыс көзіне айналуы үшін тәуекелдерді анықтап, азайтады.

DGCI Corporation бас кеңесшісі Брендан Мерфи өндірістік қуаттарды жергіліктендіру ынтымақтастықтың перспективалы саласы деп санайды.

— Мысалы, мұнай-газ өнеркәсібінде сорғылар мен сүзгілер сияқты жабдықтар өндірісін жергіліктендіру перспективалы сала болып табылады. Қазақстанның ірі мұнай өңдеу зауыттары бұл өнімдерді үнемі қажет етеді. Өндірісті жергіліктендіру жеткізу тізбегінің сәйкестігін қамтамасыз етуге және нарықты қорғауға көмектеседі, бұл жергіліктендіру тәуекелдерін азайтуға жағдай жасайды, — деді Брендан Мерфи.

Саммит аясында қазақстандық делегация мүшелері АҚШ әкімшілігі мен Конгресінің өкілдерімен, сондай-ақ жетекші қаржы институттарымен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар екіжақты экономикалық күн тәртібіндегі ағымдағы мәселелерді және одан әрі ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.

Келіссөздерден кейін сауда және инвестициялық ынтымақтастықтың басым салаларында бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Еске сала кетейік, Қазақстанда шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі талқыланды.