Қазақстан АҚШ және Иранмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы Қазақстанның сыртқы саясатындағы перспективалар туралы айтып берді.

 Қазақстан АҚШ және Иранмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

«Қазақстанның транзиттік аумақ ретіндегі рөлі айқын көрініп тұр. Осы орайда бұны дәлелдейтін бірнеше көрсеткіштерді атап өткім келеді. 2013 жылмен салыстырғанда 2015 жылы Қытай-Қазақстан-Еуропа бағыты бойынша контейнерлер ағыны 6 мыңнан 45 мыңға дейін артты. 2016 жылы бұл көрсеткіш 95 мың контейнерді құрамақ. Бұл еліміздің инфрақұрылымдық саясатының нәтижесі. Тынық мұхитынан бастап Қазақстан, Ресей, Еуропа арқылы және Иран-Парсы шығанағы арқылы шығатын темір жол магистральдары салынды. Осы орайда Ұлы Жібек жолы бағдарларының барлық кезеңдері ашылады. Егер де 2013 жылы осы бағдар бойынша тек 77 пойыз ғана жүріп өтсе, биыл 1100 пойыз жүреді деп күтілуде. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі»,-деді Президент.

Бұдан бөлек Елбасы Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамыту ерекше басымдыққа ие екенін атап өтті. Осы орайда Президент өңірдің маңызды проблемаларын шешу үшін Орталық Азия елдерін бірігуге тағы да шақырды. Оның ішінде су мәселесі, сауда-саттық, ортақ қауіпсіздік мәселелері қамтылған.

Сонымен қатар Н. Назарбаев екі ай бұрын еліміздің ірі инвестициялық сауда серіктесі болып табылатын ЕО-мен кеңейтілген әріптестік туралы келісімге қол қойылғанын еске салып өтті. Бұл өз кезегінде тауар айналымын арттыруға, сондай-ақ еуропалық елдерден инвестицияларды тартуда маңызды қадам болып табылады.

«АҚШ тарапы Қазақстан экономикасында шетелдік ірі инвесторлардың бірі болып табылады. Біз осы мемлекетпен ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз»,-деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Н. Назарбаев Қазақстан ислам әлемімен және Таяу Шығыспен өзара қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін қадап айтты. Бұл тұрғыда Иранмен толық ауқымда сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр.

Президент өз сөзінде еліміз Ауғанстанның экономикалық әлеуметтік дамуына жәрдем жасауды жалғастыратынын, осы елдің инфрақұрылымдық дамуына, жастарға білім беру тұрғысында көмек беретіндігін жеткізді.

Елбасы Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерімен экномикалық, инвестициялық, технологиялық ынтымақтастықты жандандыру бағытына тоқталды. Дәйекті түрде Қазақстанның Африка, Латын Америкасы және Кариб бассейні елдерімен қатынастары дамып келе жатқанын сөз етті.

Мемлекет басшысының пайымынша, еліміздің ДСҰ-ға мүшелігі сыртқы сауда географиясын кеңейтуге, инвестициялық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.