Қазақстан альпинистері әлемнің ең қауіпті шыңы - «Жан алғыш тауын» бағындырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ең мықты альпинистері бірігіп, жер шарының екінші ең биік шыңы - К2-ні бағындыруды көздеп отыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Армия Орталық спорт клубы Спорт комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

K2 (немесе Шогори шыңы) - Эвересттен (8 611 метр) кейінгі әлемнің екінші шыңы. Алайда оған өрмелеп шығу Эвересттен де күрделі. Бұл - ешбір адам қыстыгүні шығуға батпаған әлемнің сегіз мың метрлік шыңы болып есептеледі. Тау шыңы Пәкістан мен Қытай шекарасындағы Қарақорым тауларында орналасқан. Альпинистер ортасында ол шыңды «жан алғыш тау» деп те атайды екен. Себебі, оны бағындырмақ болғандардың 25 пайызы жол ортада қаза болған.

Халықаралық экспедицияға тек тәжірибелі альпинистер қатысады. Оның сапында ҚР Қорғаныс министрлігі Армия Орталық спорт клубы Спорт комитетінің жанындағы Тау даярлығы орталығының офицері, аға лейтенант Василий Пивцов та бар. Ол - альпинизм бойынша еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері.

«Қыс мезгілінде K2 шыңын бағындыру идеясы менің ойымнан 2002-2003 жылдары қысқы поляк экспедициясының құрамында болғалы бері кетпеген еді. Біздің команда дене даярлығын үнемі шыңдап келеді. Бұдан басқа, бірнеше жылдан бері жергілікті 6-7 мың метрлік шыңдарға шығып жүрміз. Ол таулардың климаты К2 шыңына өте жақын. Экспедиция екі айға жуық уақытты алады. Шыңға көтерілуде «Гималай стилін» пайдалану көзделіп отыр. Яғни, аралық лагерьлердің қажетті саны орнатылатын болады. Бұл, командаға биіктікке шығу үшін акклиматизациядан өтуге мүмкіндік береді», - дейді Василий Пивцов.

Айта кету керек, бүкіл адамзат тарихында аталған шыңды қысқы уақытта бағындыру бойынша бұрынғы альпинистер төрт мәрте өздерін сынап көрген екен. Алайда ол экспедициялардың барлығы сәтсіз болған: топтар тек 7200-7650 метрге жетіп, ары қарай кері қайтудан басқа амалы қалмаған. Бұл жолғы халықаралық экспедицияны 2019 жылдың қаңтарынан бастап ақпанына дейін жүргізу жоспарланып отыр.
null
null

Соңғы жаңалықтар