Қазақстан альпинистері Қытайда өткен Азия Кубогында медальдың үш түрін де еншіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 27-29 қазан күндері Қытайдың Ванханшань қаласында құзға спорттық өрмелеуден өткен Азия Кубогында қазақстандық альпинистер бір алтын, екі күміс, бір қола медаль алып келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР Альпинизм және құзға спорттық өрмелеу федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан альпинистері Қытайда өткен Азия Кубогында медальдың үш түрін де еншіледі

27-29 қазан күндері Қытайдың Ванханшань қаласында спорттық құзға шығудан Азия Кубогы ұйымдастырылған. Оған Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Иран, Сингапур, Таиланд және өзге де мемлекеттердің спортшылары қатысқан. Бәсеке қызған додадан қазақстандық құзға шығушылар жүлдесіз қайтпапты.

«Азия Кубогында жылдамдық бойынша жерлесіміз Әмір Маймұратов алтын медальға ие болды. Оның ізімен екінші болып шыңның мәресіне жеткен Артем Девятериков күміс жүлдеге қол жеткізсе, үшінші орынды қытай спортшысы иеленді», - деп хабарлайды федерациядан.

Әйелдер арасында да отандастарымыз ел абыройын асқақтатып келген. Атап айтқанда, Әсел Марленова қытайлық спортшыдан сәл ғана қалып, күміс жүлдеге ие болса, аталған спорттың «боулдеринг» сайысы бойынша Иран мен Сингапурдың құзға шығушыларын алға жіберген Тамар Кузнецова қола жүлдені місе тұтты.