Қазақстан алдағы уақытта 13 мемлекетпен реадмиссия туралы келісім жасайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы келісімді (реадмиссия туралы келісім) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Аталған келісім 2009 жылдың желтоқсан айында Берлинде жасалып, оған Қазақстан мен Германияның сыртқы істер министрлері қол қойған.
Заң жобасы Қазақстан мен Германия елдерінің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визаның рұқсат мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады. Тұтастай алғанда, келісім заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елдің аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды, сондай-ақ олардың транзитін жеңілдетеді.
Ішкі істер вице-министрі Владимир Божконың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан тарапынан әлемнің 12 елімен реадмиссия туралы келісім жасалған. Олардың арасында Германия, Швейцария, Чех, Латвия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Норвегия, Беларусь, Венгрия, Бенилюкс мемлекеттері және Молдова бар. «Қазіргі таңда жақын және алыс шет елдермен реадмиссия туралы 13 келісімшарт әзірлену үстінде. Бұл құжаттар мемлекеттік органдар арасындағы келісімдер сатысында тұр», - деді В. Божко.
Заң жобасы палатаның алдағы жалпы отырысына шығарылатын болады.