Қазақстан әлем бойынша донорлық белсенділігі төмен елдердің қатарында
АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қазақстанды донорлық белсенділігі төмен мемлекеттердің тізіміне қосып отыр.
Бұл жөнінде бүгін Астанада Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы директорының бірінші орынбасары Сәния Әбдірахманова мәлім етті. «ДДСҰ ережелері бойынша, халықты қан компоненттерімен қамтамасыз ету үшін 1000 адамға шаққанда 40-60 қан тапсырулар болуы шарт. Астанадағы көрсеткіш - 58, бірақ республика бойынша оның көлемі 17-18 шамасында болып отыр. Ол әзірге бір деңгейде ұсталып тұр», - деді ол. Оның айтуынша, бұған қарамастан, Қазақстанда қан компоненттерінен тапшылық көріп отырған жоқ.