Қазақстан әлем елдеріне астықты сенімді түрде жеткізе алады – Мемлекет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан ауыл шаруашылығы әлеуетін әлемдегі азық-түлік тапшылығымен күреске жұмылдыруға дайын. Бұл туралы Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясының Жалпы дебатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астық өндіруден әлемде жетінші орында тұрған менің елім – Орталық Азиядағы астық қоры ең мол мемлекет. Біз жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін осы ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға дайынбыз. Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала береді», - Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы, кедей елдерді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге екпін қойылатынын айтты.
«Сондай-ақ біз Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, сондай-ақ БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату аса маңызды», - деді Президент.