Қазақстан әлемдегі ең ықпалды 35 мемлекеттің қатарына енді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан халықаралық World Population Review статистикалық платформасы жариялаған Most Powerful Countries 2026 рейтингінде 100 мемлекеттің арасында 34-орынға тұрақтады. 

Қазақстан әлемдегі ең ықпалды 35 мемлекеттің қатарына енді
Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстан Дания (36-орын), Біріккен Араб Әмірліктері (37-орын), Оңтүстік Африка Республикасы (38-орын), Норвегия (39-орын), Сауд Арабиясы (40-орын), Пәкістан (42-орын) және Иран (46-орын) секілді бірқатар мемлекеттен озық тұр.

Рейтинг нені бағалайды?

Рейтинг мемлекеттердің халықаралық аренадағы қуаты мен ықпалын бағалайды. Бұл ретте елдердің экономикалық және саяси ықпалы, көшбасшылық рөлі, халықаралық одақтастық байланыстары мен әскери әлеуеті ескеріледі. Осылайша мемлекеттердің экономикалық ауқымы ғана емес, әлемдік аренадағы беделі мен ықпалды орны да бағаланады.

Рейтингіге енген посткеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан Ресейден (11-орын) кейін екінші орынға жайғасқан. Ал Украина 51-орын, Литва 56-орын, Беларусь 57-орын, Өзбекстан 71-орын, Латвия 74-орын, Эстония 75-орын, Армения 80-орын және Грузия 91-орын иеленген.

Рейтингтің алғашқы үштігіне Қытай, АҚШ және Үндістан енді. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мексика және Италия кірді.

Қазақстанның әлемдік рейтингте 34-орыннан көрінуі — еліміздің халықаралық аренадағы орны мен ықпалын айқындайтын маңызды көрсеткіш. Бұл нәтиже мемлекеттің экономикалық әлеуеті, саяси салмағы, әскери қуаты мен халықаралық байланыстары секілді бірқатар өлшем негізінде қалыптасқан бағалауды көрсетеді.


Бұған дейін халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстан экономикасының даму қарқынына оң баға берген болатын.