Қазақстан әлемнің 30 ірі экспорттаушы елдерінің тізіміне енді

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан әлемнің 30 ірі экспорттаушы елдерінің қатарына кірді. Бұл жөнінде Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) жыл сайынғы World Trade Report есебінде мәлім етілді.

Қазақстан әлемнің 30 ірі экспорттаушы елдерінің тізіміне енді

2012 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан әлемнің жетекші экспорттаушылары тізімінде 30-орынға ие болды. Өткен жылы ҚР экспорты 92 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл 2011 жылғы жағдаймен салыстырғанда 5 пайызға жоғары, деп хабарланды ДСҰ есебінде.

Жалпы Қазақстанның әлемдік экспорттағы үлесі 0,6 пайызды құрайды. Дүниежүзі бойынша ең ірі экспортерлердің үштігінде өзгеріс болған жоқ. Бірінші орында, әдеттегідей, Еуроодақ ($2,1666 трлн.) алуда. Екінші орында - Қытай ($2,049 трлн.), үшінші - АҚШ ($1,547 трлн.) тұр. Үздік ондыққа Жапония ($799 млрд.), Оңтүстік Корея ($548 млрд.), Ресей ($529 млрд.), Гонконг ($493 млрд.), Канада ($455 млрд.), Сингапур ($408 млрд.), Сауд Арабиясы ($386 млрд.) еніп отыр.