Қазақстан әлеуметтік желіге тіркелу жасын 16-ға дейін шектемекші: Өзге елдердің тәжірибесі қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң жүзінде тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр. Басқа елдерде жас шектеуі қалай жұмыс істейді? Әлеуметтік желіге тіркелуді шектеу мәселені толықтай шеше ала ма? Kazinform тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Қазақстан әлеуметтік желіге тіркелу жасын 16-ға дейін шектемекші: Өзге елдердің тәжірибесі қандай
Фото: Kazinform/ ЖИ

Президент не деді?

Балаларды цифрлық ортада қорғау мәселесі тамыз айында өткен педагогтердің республикалық тамыз конференциясында да көтерілді. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетингтің бала дүниетанымына ықпал ететініне назар аударды. Сондай-ақ, 2018 жылдан бері қолданыстағы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізу қажет екенін айтты.

Осы жұмыс аясында Үкімет 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеп, маусым айында Парламентке енгізді.

Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында Президент бұл бастаманы тағы да қолдап, ең бастысы заңды қабылдау ғана емес, оның толыққанды орындалуын қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

- Тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Үкіметке контентті сүзгілеу шараларын қабылдап, балалар SIM-картасын қолдану аясын кеңейтуді тапсырды.

- Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз. Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда қандай шаралар енгізілмек?

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру цифрлық ортада балаларды қорғаудың бірнеше тетігін қамтиды. Атап айтқанда, интернет пен мобильді сервистерге қолжетімділіктің арнайы баптаулары, контентті сүзгілеу және ата-ана бақылауын күшейту қарастырылған.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, міндетті балалар SIM-карталарын енгізу жұмысы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында жүргізіледі.

Бұл тетіктің қалай жұмыс істейтініне Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, тиісті шаралар 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында қарастырылған.

Арнайы SIM-карталар интернет-трафик пен мобильді қосымшаларға қол жетікізу мүмкіндіктерін шектеуге, контентті сүзуге, уақыт бойынша шектеу қоюға, байланыс жасауға алдын ала рұқсат етілген контактілерді ғана пайдалануға және құрылғының қолданылуын бақылауға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, ата-ана бақылауы функциясын міндетті ету көзделген. Қазір мұндай баптауларды ата-аналар өз қалауына қарай қолданады. Ал болашақта ата-ана бақылауын жүйенің міндетті элементі ретінде бекіту ұсынылып отыр.

Жас шектеуі қалай жұмыс істейді?

Әлеуметтік желіге тіркелуге жас бойынша тыйым салу бірқатар практикалық мәселені туындатады. Мысалы, пайдаланушының нақты жасы қалай тексеріледі? Қай платформаларға шектеу қойылады? Талаптардың орындалуын кім бақылайды? Ал жасты растау кезінде балалардың дербес деректері қалай қорғалады?

Білім беру саласының сарапшысы Жазира Асанова бала тіркелу кезінде туған жылын жай ғана өзгертіп көрсетсе, заңның өзі мәселені шешпейді.

- Сондықтан жасты растау тетігі бүкіл жүйенің негізгі бөлігіне айналады, – деді ол.

Аустралия тәжірибесі

Жазира Асанова мысал ретінде Аустралия тәжірибесін келтіреді. 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап бұл елде әлеуметтік платформалар 16 жасқа толмаған балалардың аккаунт ашуына немесе қолданыстағы аккаунтын сақтап қалуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдаған. Бұл талаптар, атап айтқанда, Facebook, Instagram, TikTok, Snapchat, X, YouTube және Reddit платформаларына қатысты.

Бұл елде талаптардың орындалуына жауапкершілік баланың немесе оның ата-анасының емес, ең алдымен платформалардың өзіне жүктелген.

Шектеулердің алғашқы нәтижелері де олардың ықпалын бағалауға мүмкіндік беріп отыр. Желтоқсан айының ортасына қарай платформалар 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі деп анықталған шамамен 4,7 млн аккаунтқа шектеу қойған. Бұл көрсеткіш балалардың нақты саны емес, аккаунттар саны екенін ескеру керек, өйткені бір пайдаланушының бірнеше аккаунты болуы мүмкін.

Үш айдан кейін Аустралияның eSafety реттеушісі 4 мыңнан астам бала мен отбасының қатысуымен зерттеу жүргізді. Нәтижесінде 16 жасқа толмаған және әлеуметтік желіде жеке аккаунты бар балалардың үлесі 52,4%-дан 42,1%-ға дейін төмендеген.

Алайда жас шектеуі балалардың әлеуметтік желілерге кіруін толық тоқтатпайды. Мысалы, Аустралиядағы ережелер аккаунтсыз ашық контентті көруге тыйым салмайды. Сонымен қатар бірқатар мессенджерлер, ойын және білім беру сервистері жас шектеуіне жатпайды.

Демек, мұндай шараның тиімділігі заңда белгіленген жас шегіне ғана емес, пайдаланушының жасын анықтау жүйесінің қаншалықты сенімді жұмыс істейтініне де байланысты.

АҚШ мысалы

АҚШ-та басқа тәсіл қолданылып отыр. 26 тамызда Meta компаниясы АҚШ-тың 52 штаты, аумағы және Колумбия округінің бас прокурорларымен Facebook пен Instagram-ды жасөспірімдердің пайдалануына қатысты жаңа ережелер енгізу туралы келісім жасалғанын жариялады.

Мұнда мәселе пайдаланушының жасына ғана қатысты емес. Әлеуметтік желіні пайдалану уақыты мен шарттарына да шектеу қойылады. Жалпы лимит тәулігіне екі сағат болып белгіленбек. Сондай-ақ түнгі уақытта негізгі функцияларды бұғаттау және push-хабарламаларды азайту қарастырылған. Бірқатар шектеуді алып тастау үшін ата-ананың рұқсаты қажет болады.

Толық тыйым салудың орнына жасөспірімнің әлеуметтік желіні пайдалану тәртібі платформаның өз ішінде реттеледі.

Қытайда да осыған ұқсас тәсіл бар, алайда мұнда басты назар әлеуметтік желінің өзіне емес, құрылғыны пайдалану уақытына аударылады. Шектеулер бір ғана әлеуметтік желі деңгейінде емес, мобильді құрылғылардағы кәмелетке толмағандарға арналған арнайы режим арқылы жүзеге асырылады.

16 жасқа толмаған балаларға құрылғыны тәулігіне бір сағатқа дейін пайдалану ұсынылады. Ал 16-17 жастағы жасөспірімдер үшін бұл уақыт екі сағатқа дейін белгіленген. Құрылғыны 30 минут бойы үздіксіз пайдаланғаннан кейін үзіліс жасау қажеттігі туралы ескерту шығады. Сағат 22.00-ден 06.00-ге дейін балалар режиміндегі сервистердің басым бөлігі қолжетімсіз болады. Ата-аналар бұл шектеулерге ерекшелік енгізе алады.

Еуроодақ платформалардың функцияларын реттейді

Еуропалық одақ та пайдаланушының жасына ғана емес, цифрлық платформалардың шамадан тыс қолдануға итермелеуі мүмкін функцияларына назар аударып отыр.

Еурокомиссия кәмелетке толмағандар үшін autoplay, push-хабарламалар, streaks, хабарламаны оқығаны туралы белгі, жоғалып кететін контент және осыған ұқсас басқа да функцияларды арнайы режим арқылы өшіруді ұсынып отыр.

Сонымен қатар заңнамада сервисті пайдаланудың ең төменгі жасы белгіленген жағдайда пайдаланушының жасын сенімді түрде растау тәсілдерін қолдану мәселесі де қарастырылып жатыр.

Осылайша, халықаралық тәжірибеде балаларды цифрлық ортада қорғаудың түрлі тәсілдері бар: аккаунт ашуға шектеу қоюдан бастап, интернетті пайдалану уақытын және цифрлық платформалардың жекелеген функцияларын реттеуге дейінгі шаралар қолданылады.

Цифрлық сауаттылық неге маңызды?

Жазира Асанованың пікірінше, техникалық шектеулер цифрлық білім берумен қатар жүруі керек. 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында бірінші сыныптан бастап цифрлық білім беруді енгізу қарастырылған. Оның құрамына киберқауіпсіздік негіздері, цифрлық гигиена, сыни ойлау және медиасауаттылық кіреді.

Интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық тақырыптары «Жеке қауіпсіздік» сабақтарына да енгізілген. Ал ата-аналар үшін ата-ана бақылауын қолданудан бастап, цифрлық қауіптерді тануға дейінгі бағыттар бойынша арнайы жұмыстар қарастырылған.

- Жас шегін белгілеу қол жеткізуді шектеуі мүмкін. Бірақ балаға қауіпсіз мінез-құлық дағдылары бәрібір қажет. Ол дағдылар 16 жасқа дейін де, одан кейін де керек, – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, ең тиімді жүйе бірнеше тетік қатар жұмыс істеген жағдайда қалыптасуы мүмкін. Олар – жасты тексеру және қолжетімділікті шектеу, цифрлық платформаларға қойылатын талаптар, ықтимал қауіпті контентті сүзгілеу және балалар мен ата-аналарды оқыту.

- Қазақстанда бұл бағыттар біртіндеп бір жүйеге бірігіп келеді. Әлеуметтік желілерге жас шегін белгілеу мәселесі талқыланып жатыр, балаларға арналған SIM-карталар пилоттық режимде енгізілуде, контентті сүзгілеу қарастырылған, ал цифрлық қауіпсіздік мектеп бағдарламасына енгізіліп жатыр. Мұндай тәсіл баланың ықтимал қауіпті контентке қол жеткізу мүмкіндігін шектеп қана қоймай, оның цифрлық ортада өздігінен қауіпсіз бағдар табуына біртіндеп үйретуге мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Жазира Асанова.