Қазақстан Алматы — Қорғас тас жолына қатысты халықаралық сотты жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Парижде Алматы-Қорғас тас жолына қатысты 50 миллион долларлық сот ісін жеңді. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

— 14 сәуірде Париждегі ICC Халықаралық төрелік сотында құрылған Трибунал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің пайдасына түпкілікті шешім шығарды. Талапкерлердің барлық талаптары толығымен қабылданбады. Трибунал Комитеттің қарсы талабын қанағаттандырып, Талапкерлерге жұмыс мерзімін ұзартқаны үшін өтемақы ретінде бұрын төленген соманы қайтаруға міндеттеді. Сондай-ақ, Трибунал Комитет жеңіске жеткен тарап ретінде өзінін сот және төрелік шығындарын толық өтеуге құқылы екенін мойындады, — делінген хабарламада.
2020 жылғы 15 мамырдағы «Todini Impregilo Kazakhdorstroy» бірлескен кәсіпорын шеңберінде жұмыс істейтін Todini Costruzioni Generali S.p.A., WeBuild S.p.A. және «Казахдорстрой» ЖШС компанияларынан тұратын бірлескен кәсіпорын Халықаралық сауда палатасы (ICC) жанындағы Халықаралық төрелік сотқа Қазақстан Республикасында Алматы — Хоргос автожолын салу жобасы бойынша шыққан дауға байланысты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қарсы төрелік туралы өтініш бергені белгілі болып отыр.
Істі қарау шеңберінде Талапкер Комитетке құрылыс мерзімдерін ұзартуға, кедендік баждар мен салықтарды төлеуге, теңгенің инфляциясына, құнының өзгеруіне, су өткізгіш трубаларды қайта толтыруға, жол пайдалану пунктінің құрылысын тоқтатуға және қаржылық шығындарға байланысты жалпы сомасы шамамен 50 миллион АҚШ доллары көлемінде шағым түсірген.
Осы істі Комитеттің өкілдігі мен мүдделерін қорғауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырған. Консультант ретінде Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP халықаралық заң фирмасы тартылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Әділет министрлігі «Цифрлық атқарушылық жазба» пилоттық жобасын іске қосқан еді.