Қазақстан алтын валюта резервтері $1,9 млрд. долларға ұлғайды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстан алтын валюта резервтері $1,9 млрд. долларға ұлғайды. Бұл туралы журналистерге берген брифингіде ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Ақышев айтты.
«Ұлттық банк 2016 жылғы қыркүйектен бастап желтоқсанға дейін төрт ай қатарынан валюта нарығында өктемдік жүргізген жоқ. Сондықтан айырбастау бағамының іргелі үрдісіне біздің әсеріміз нөлге тең болды», - деді ол.
Оның айтуынша, бағамның қалыптасуына Ұлттық банктің араласпау саясаты бірте-бірте өз ықпалын көрсетіп келеді. Әсіресе, бұл алтын валюталық резервтің қалыптасуына әсерін тигізуде.
«Ұлттық банктің алтын валюта резервтері желтоқсанның соңында, бастапқы деректер бойынша, жыл басынан бастап $1,9 млрд. долларға ұлғайып, $29,8 млрд. долларды құрады. Ұлттық қордың шетел валютасындағы валюта активтері жылдың соңында $61 млрд. доллар болды. Жалпы халықаралық резервтер $90,8 млрд. немесе ІЖӨ-ден 68% болды», - деді Д. Ақышев.