Қазақстан Антарктидада полярлық стансаны ашуға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар Туризм және география ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе ҚР Үкіметіне Антарктидада Қазақстанның полярлық стансасын ашуды ұсынбақ. Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында бірінші қазақстандық Оңтүстік полюс ғылыми экспедициясының қатысушысы, география ғылымдарының докторы, Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Орденбек Мазбаев мәлім етті.
None
None

«Біздің экспедиция жасағанымызға бес жыл өтті. Осы орайда Қазақстанның Антарктида жөніндегі Халықаралық келісімге қосылуын және оны міндетті ратификациялағанын қалаймыз. Жақын арада қазақстандық полярлық стансаны ашуымыз қажет. Туризм және география ғылыми-зерттеу институты арқылы біз осы мәселені Үкімет деңгейінде көтермекпіз»,-деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, 2041 жылы бұл келісімнің күші жойылады және қатысушылар арасында Антарктиданы бөлу басталады. «Қазіргі кезде Қытайда төрт станса бар. Ресейдің еншісінде Кеңес Одағының барлық стансалары қалды. Беларусь, Украина, Латвия, Эстония келісімге қатысушы елдер ретінде тіркеліп, өздерінің стансаларына иелік етуде. Бізге станса қазақстандық ғылымды, яғни билогияны, медицинаны, климатологияны, психологияны және географияны дамыту үшін қажет. Атап айтқанда, бұл жер зерттеу жұмыстарын жүргізу алаңы болып табылады»,-деді О. Мазбаев.

Қазіргі таңда Антарктида туралы келісім бойынша және оңтүстік полюс туралы халықаралық келісім бойынша бұл аймақта тек қана ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар