Қазақстан Арал мәселесін шешуде цифрлық технологияларды қолдануды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Еуропалық экономикалық палатаның (EEIGCham) комиссары Нельсон Фернандешпен кездесуде Арал өңірінің экологиялық мәселелерін шешу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

 Арал өңірінің экологиялық мәселелерін шешу
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар табиғатты қорғау қызметін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және экологиялық міндеттерді шешу үшін заманауи талдамалық құралдарды қолдану саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Португалиялық компанияның цифрландыру және инновациялық технологиялық шешімдерді әзірлеу саласындағы тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап ұсынылған тәсілдермен және оларды экологиялық салада практикалық қолдану мүмкіндіктерімен танысты.

Министр цифрлық трансформация Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, министрлік орман шаруашылығы, экологиялық мониторинг және табиғи төтенше жағдайлардың алдын алу салаларында цифрлық шешімдерді дәйекті түрде енгізіп келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда орман өрттерінің мониторингін, тәуекелдерді талдауды және жедел ден қоюды үйлестіруді қамтамасыз ететін Республикалық жедел басқару орталығы жұмыс істейді.

-Кездесуде Арал теңізінің экологиялық сын-қатерлері де жеке талқыланды. Министр Арал өңірінің экожүйелерін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін арттыру үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды,-делінген хабарламада.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сараптамалық диалогты жалғастыруға және цифрландыру мен қоршаған ортаны қорғау салаларындағы практикалық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын пысықтауға қызығушылық білдірді.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанның су дипломатиясы мен Сырдариядағы су режимін үйлестіру Солтүстік Аралға түсетін ағынды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде теңіздің көлемі 2023 жылғы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін өсті.