Қазақстан ардагерлері шығысқазақстандықтардың референдум өткізу жөніндегі үндеуін толық қолдайтындықтарын білдірді
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан ардагерлері Шығыс Қазақстан облысы ардагерлерінің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөннідегі республикалық референдум өткізу туралы үндеуін толық қолдайтындықтарын білдірді.
Шығысқазақстандық ардагерлер жариялаған үндеу бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің кезекті Пленумында талқыланды. Аталмыш жиынға Орталық кеңес пен қоғамдық бірлестіктің ревизиялық комиссиясының мүшелерінен басқа республикамыздың барлық өңірлерінен жиналған 100-ге жуық ардагерлер ұйымдарының белсенді азаматтары қатысты. Пленум барысында олар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамуы жолында сіңірген еңбектері жөнінде айта келе, шығысқазақстандық ардагерлердің үндеулерінде көтерілген мәселелерді толық қолдайтындықтарын білдіріп, арнайы қаулы қабылдады. Ардагерлер жиында референдум өткізілген жағдайда барлығы бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беретіндіктерін де білдірді.
Пленум барысында Үндеудің мәтінімен жиналғандарды Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин таныстырды. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш құжатта Мемлекет басшысының Қазақстанның дамуына қосқан үлесі, Президенттің ел болашағы жолында атқарған істері туралы баяндалады. Сондай-ақ шығысқазақстандық ардагерлер әріптестерін референдумда Мемлекет басшысына дауыс беруге шақырады.
Пленум барысында сонымен қатар Ардагерлер ұйымының VI съезін дайындау және өткізуді ұйымдастыру сияқты өзге де бірқатар мәселелерді қарау көзделген.