Қазақстан ардагерлері ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы болып Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев сайланды

  АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Астанада еліміздің ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесін құру жөніндегі бірінші республикалық құрылтай съезі болып өтті.

Қазақстан ардагерлері ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы болып Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев сайланды

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, кеңестің құрамына Қарулы Күштер, Ауған соғысына қатысқан, Чернобыль атом электр стансысын залалсыздандырған ардагерлер кіреді.

Шара барысында - Қазақстан ардагерлері ұйымдарының үйлестіру кеңесін құру, кеңес төрағасын тағайындау, үйлестіру кеңесінің ережесін бекіту жөніндегі  жұмыс  тобын құру туралы  үш мәселе қаралды. Съезге қатысушылар сондай-ақ Ауған ардагерлері жөніндегі заңның жобасын қарады.

Съезге  жалпы үйлестіру органын құру жөніндегі бастаманы көтерген ҚР Қорғаныс министрлігінің, Республикалық «Қарулы Күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің және  Ауған  жауынгерлері ардагерлер ұйымының өкілдер қатысты.

Кеңес құрамына Қазақстандағы барлық ардагерлер ұйымының өкілдері  кіретіндігі жоспарланып отыр, оның ішінде «чернобыльдықтар» бірлестігі мен ядролық сынақ  ауданында қызмет еткен әскерилер де бар.

«Өтіп жатқан ардагерлер ұйымының съезі еліміз үшін үлкен маңызы бар екендігі сөзсіз. Сіздердің бүкіл  ардагерлер  ұйымдарының басын қосып Республикалық «Қарулы Күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігімен бірігіп  үйлестіру  кеңесін құру жөніндегі ұмтылыстарыңыз зор маңызға ие. Бүгін Үйлестіру кеңесін құра отырып, оның есігінің басқа да  ардагерлер ұйымдарына ашық екендігін жеткізгіміз келеді. Оған Чернобыль атом электр стансысын залалсыздандырғандар,  Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызметін атқарған әскери қызметшілер және басқа да ардагерлер ұйымдары мүше бола алады»,- деді съезде Қазақстан армиясының ардагерлері.

Үйлестіру кеңесінің республикалық мәртебесі бар және Құрылтай  съезінде оның басшылық органдары сайланды. Қазақстан Республикасы ардагерлер  ұйымы үйлестіру кеңесінің төрағасы болып Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы запастағы генерал-лейтенант  Бақытжан Ертаев бірауыздан сайланды.