Қазақстан-Армения үкіметаралық комиссиясының 10-отырысы өтеді

Үкіметаралық комиссия
Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Армения үкіметаралық комиссиясының 10-отырысы өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«2024 жылғы 2 сәуірде бейнеконференцбайланыс форматында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Армения үкіметаралық комиссиясының 10-отырысын өткізу жоспарланған. Іс-шара Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Армения Республикасының Вице-премьер-министрі Мгер Григорянның төрағалығымен өтеді», - деді Айбек Смадияров.

Оның атап өтуінше, тараптар сауда-экономикалық, өнеркәсіп, геология және жер қойнауын пайдалану, ақпараттық-коммуникациялық және жоғары технологиялар, ғарыш қызметі, көлік және энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарайды. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық, қоршаған ортаны қорғау мен өңіраралық ынтымақтастықтағы, денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылды және шарттық-құқықтық базаны кеңейту мүмкіндіктерін талқылайды.

«Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттама қабылдау жоспарланған», - деді ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар