Қазақстан «Армия ойындары - 2016» сайысын өткізуге дайындалып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстан алғаш рет өзінің аумағында Армия халықаралық ойындары - 2016 жарысына қатысатын өзге елдердің әскери қызметшілерін қабылдайды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс мнистрлігінің баспасөз қызметінен.
«Ағымдағы жылы республикамыздың аумағында Армия ойындарын өткізу жоспарлануда. 2016 жылғы тамыздың 2-і мен 9-ы аралығында Жамбыл облысы Қордай ауданының «Гвардейск» оқу-жаттығу полигонының базасында «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі» байқаулары өтеді. 1 шілдеде полигондар, оқу орындары, әскери қызметшілердің тұратын жерлері, яғни, аталмыш байқауды лайықты өткізуіміз үшін барлығы дайын болуына тапсырма берілді», - деді ҚР ҚК Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы полковник Тимур Әбішев.
Сайыстың өткізілу орнында ирелең жол, мина-жарылғыш қоршау, оба, сірлеу көпірі іспетті кедергілері бар ұзындығы 2 шақырымдық артиллерияшылардың байқауын, сондай-ақ мергендік винтовкадан, тапаншадан оқ ату және граната лақтыру үшін барлаушының соқпақ жолы мен шебінің элементтері бар мергендер байқауын өткізу үшін тас жол салу жоспарланған.
Бүгінгі күні 7 елдің, яғни, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Ресей Федерациясы, Қытай және Қазақстанның әскери қызметшілері өздерінің қатысатынын растады.
Өткен жылы тұңғыш Армия халықаралық ойындары - 2015 додасы өткізілгенін естеріңізге сала кетейік.
ҚР Қарулы Күштерініің әскери қызметшілері үш байқауға қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша олар «Авиадартс» пен «Каспий теңізінде» екінші орынды еншілесе, «Танк биатлонында» төртінші орынды иеленді.