Қазақстан армиясы әрқашанда күшті, кәсіби деңгейі жоғары болуы керек - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 19-ы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Кеше Елбасы - Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қорғаныс министрлігінің өткен жылғы қызметінің қорытындысы мен алдағы уақытқа жоспарланған міндеттерді талқылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Осыған еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» «Жауынгерлік дайындық жоғары» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысының алдында есеп берген еліміздің Қорғаныс министрлігі өзі басшылық жасайтын ведомствоның 2009 жылы атқарған шараларына кеңінен тоқталып, алдағы жылы атқарар істеріне орай егжей-тегжейлі мәліметтер берген. Мақалада ҚР Президентінің «Қазір біздің Қарулы Күштерімізді дамытуға әлеуетіміз жетеді. Осы бағытта жұмыстар да істелініп жатыр. Бұл жұмыстардың әрі қарай нәтижелі болуына Үкімет қолдау көрсетуі керек. Осыған байланысты министрлік кәсіпкерлермен Қарулы Күштерге қажет құрал-жабдықтарды өндіру үшін мәліметтерді кеңінен бөлісуі тиіс. Қазақстан армиясы әрқашанда күшті, кәсіби деңгейі жоғары болуы керек», деген сөзі келтірілген.
Қорғаныс министрлігінің алқа мәжілісіне кеңінен тоқталған «Айқын» газеті жұма күнгі нөмірінде «Қарулы Күштер ел тәуелсіздігі үшін жан аямай қызмет етеді» деген тақырыппен басылған. Қазақ елі ұлттық әскери басқару құрылымын қалыптастыруды аяқтады. Кеше Қорғаныс министрлігі осыны паш еткен салтанатты рәсім ұйымдастырды. Ел Президенті, Қазақстанның Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Құрлық әскерлеріне және Әскери-теңіз күштеріне жауынгерлік ту тапсырды. Осы рәсімнен кейін Елбасы "Солдаттар мен офицерлер, еліміздің азаматтары енді барлық құралдармен, бар күш-жігерімен, тіпті өздерінің өмірлерін де аямай, Отанды қорғайтын болады! Мен біздің атамекеніміз - Қазақстанды қорғап қалу үшін осы тудың астында ұрыс салу өнері жетілдіріледі, әскери тәртіп күшейтіледі деп сенемін" деген ойын жеткізген.
Ал осы тақырыпқа тоқталған «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөмірінде «Бас қолбасшы қос сардарға ту тапсырды» деген мақала басты. Жарияланымда Мемлекет басшысының жауынгерлік ту тапсырғаны баяндала келе, «Қорғаныс министрлігіндегі салтанатты шара осыдан кейін Мемлекет басшысының төрағалығымен кеңейтілген алқа мәжілісіне ұласты. Алайда кеңейтілген алқа отрысы жабық есік жағдайында өткізілді», делінген.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен осы алқалы жиын арқау болған мақалаларды «Казахстанская правда», «Экспресс К», «Литер» басылымдарынан да оқи аласыздар.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмиді және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевты қабылдаған. Бас прокурор Президентті еліміздегі заңдылықтың жағдайы мен құқық тәртібі туралы хабардар етсе, О. Өксікбаев Президентке комитет жүргізген 2009 жылғы бақылау шараларының қорытындылары туралы баяндаған.
«Бітімгершіліктің қиын да қарапайым жолына қадам жасалды». Осы тақырыппен берілген «Егемен Қазақстан» газетінің мақаласында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің Оңтүстік Кавказ елдеріне сапарын ақпанның 17-інде Грузия астанасы - Тбилисиде қорытындылағандығы баяндалған. «Сапар барысында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Грузияның Сыртқы істер министрі Григол Вашадземен келіссөз жүргізіп, Грузия Парламентінің төрағасы Давид Бакрадземен және осы елдегі саяси партиялардың жетекшілерімен кездесті», деп жазады басылым.
«Қазақстан Грузия порттарының бірінде астық терминалын салады», деп жазады «Литер» газеті. Бұл жайында таяу күндері ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев мәлім еткен. Ол осы арқылы өзі басқаратын ұйымның, сондай-ақ Қазақстанның закавказ республикасындағы жағдайды реттеуге қатысты ұстанымын білдірген. ЕҚЫҰ-ның Ісбасындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың Тбилисидегі сапары «Мэрриот» бесжұлдызды қонақ үйі залдарының бірінде оппозициялық партиялардың көбасшыларымен кездесуден басталды, деп толықтыра түскен басылым.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының қонағы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов. Сұхбат басылымның бүгінгі нөмірінде «Қазақтан өткен мәдениетті де ұлағатты халық жоқ» деген тақырыппен жарияланған. Сан түрлі саланы қамтыған сұхбат барысында Мәжіліс депутаты «Елбасымыздың «жастар үш тілді білуі керек» деген ұстанымын мен де қолдаймын. Бірақ ең басында мемлекеттік тіл болуы керек. Одан кейін неше тілді білсең де, көптік етпейді» деген пікірін блдірген. Екеуара әңгімеге арқау болған жайттармен танысқыңыз келсе, басылымның жұма күнгі нөміріне назар салыңыз.
«Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы саммитін өткізу осы ұйымдағы дағдарысты жағдайды еңсеруге жағдай жасайды. Бұл туралы Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Венада ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы Тұрақты комитетінің отырысында мәлімдеді» деп жазады «Айқын» газеті «Саммит арқылы дағдарыс еңсерілмек» атты мақаласында. Жарияланымда аталған отырыс жайында кеңінен баяндалған.
Осы тақырып арқау болған мақалаларды «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Экспресс К», «Литер» басылымдарының бүгінгі нөмірінен де оқи аласыздар.
***
«Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі санының Дат айдарында геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Жүрімбек Садықовпен арадағы сұхбат «Ғылымсыз елдің экономикасы дамымайды» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіме барысында ғалым «қазіргі жастардың психологиясы өзгерді ме, ғылымға деген қызығушылық жоқтың қасы. Мен зерттеп жүрген гидрогеологияға келіп жатқан жастар тіпті некен-саяқ. Оның бір себебін мен ғылымға қаржы бөлінбеуінен деп түсінемін. Біздің кезімізде мемлекет ғылымды ерекше қамқорлығына алып, ғылыми қызметкерлердің айлық жалақыларын өте жоғары төледі. Ал қазір жағдай басқа», депті.
Осы басылымдағы тағы бір елеулі мақала «Хандардан қалған ұрпақты ұлықтай алып жүрміз бе?» деген тақырыппен жарыққа шықты. Түрткі айдарымен берілген бұл мақалада басылым «Тарихты тірілтіп жатырмыз дейтін ғалымдарымыз неге қазақ хандарының ұрпақтарын зерттеуді тереңдете түспейді? Тегімізді түгендеуден ұтпасақ, ұтылмаймыз» деген ой ұшығын шығарады.
Сонымен қатар «Алаш айнасы» газетінің спорт тақырыбына арналған «Дода» бетінде қазіргі уақытта төрткүл дүниенің назарын өзіне аудартқан Ванкувердегі қысқы Олимпиадада арнайы іссапармен жүрген тілші Нұрғазы Сасаевтың байрақты бәсекеде бақ сынаушы қандастарымыздың аяқ алысы туралы арнайы репортажымен де таныс бола аласыздар.