Қазақстан армиясы броньды жаңа техникалармен толықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясының 60 «Арлан» машинасы Қазақстан армиясының құрамына берілді. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан армиясы броньды жаңа техникалармен толықты

«Бүгінде қорғаныс саласына 4х4 дөңгелек базасындағы 60 «Арлан» тапсырылды. Алдағы жылы тағы да 30 машина беріледі. Бұл ретте басқа бөлімшелерден есептемегенде. Машиналардың келесі типі 8х8 (Барыс) дөңгелік базасындағы техникаға тиесілі, олар БТР-82-ні алмастырады», - деді Атамқұлов.

Атап айтқанда, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауыты -  Орталық Азиядағы заманауи броньды дөңгелекті машина шығаратын ең ірі кәсіпорын. Кәсіпорын броньды техниканың төмендегі түрлерін шығарады: 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Арлан» БДМ; - 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Алан» БДМ; - 6х6, сондай-ақ 8х8 дөңгелекті формуласындағы «Барыс» БТР-лер.

8х8 дөңгелекті формуласындағы «Барыс» БТР-лері 2016 жылғы KADEX-тен кейін ауқымды сынақпен қамтылды. Қорғаныс министрлігінің ескертпелерінен кейін машина жетілдіріліп, биыл әскери техника қыс мезгіліндегі экстремалды табиғи-климаттық сынақтардан сәтті өтті. Алдағы уақытта енді жазғы сынақтар ұйымдастырылады.