Қазақстан армиясында суицид екі есеге азайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан армиясы сапында суицидтер саны екі есеге дейін төмендеді.
Бұл туралы Алматы облысының әскери активімен кездесу барысында Қазақстан Республикасының бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов хабарлады.
«Осы жылғы 8 айда ҚР Қарулы күштері қатарында өз-өзіне қол жұмсаудың 11 оқиғасы тіркелді. Өткен жылдармен салыстырғанда олардың саны екі есеге дерлік төмендеді. Мерзімді әскери қызметін өтеушілер арасында суицид мүлдем жоқ деуге болады. Жарғыға сай емес қарым-қатынастар негізінде өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары болған жоқ. Тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтардың жалпылай төмендеуі байқалуда», - деді Мерзадинов.
Сондай-ақ отырыс барысында әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау, атап айтқанда тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Өңірлерге қызметке келгендердің барлығына бірдей қызметтік пәтерлер берілмейді. Одан бөлек, пәтерді жалдағаны үшін өтемақы төленбейтін жағдайлар да болады.
Негізгі проблемалардың бірі, өтемақыны төлеу кезінде тұрғын үйді жалдау келісімшартын ұсыну қажет. Алайда, жалға беру келісімшарты барлық елді мекендерде жасала бермейді.
Сондай-ақ әскери прокурор әскер - бұл ерекше құрылым екенін және ол үлгі болуы тиістігін атап өтті.
«Біз қылмыстық бұзушылықтарға жол бермеуіміз қажет», - деді генерал.