«Қазақстан» арнасында Жалғызбасты әкенің драмалық хикаясы көрсетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» арнасында 5-6 наурызда көрермен көңілінен шығатын «Әке» атты 12 сериялы әсерлі телехикая көрсетіледі.
Фильмнің оқиғасы өз өміріне өзгеріс енгізіп, әрі балаларының тәрбиесімен айналысу үшін ауылдан қалаға келуге мәжбүр болған жалғызбасты әкенің өміріндегі ең ауыр кезеңдер жайында болмақ.
Әйелінен айырылған Талғат екі баламен жалғыз қалады. Айдана есімді қызы 17 жаста, ұлы Сәбит 16 жаста. Аналары балалар бастауыш сыныпта оқып жүргенде қайтыс болған. Балаларының жақсы білім алып, бейғам өмір сүруі үшін Талғаттың бірнеше жұмыста қатар істеуіне тура келеді. Дегенмен жұмысының көптігінен ол балаларының тәрбиесіне онша көңіл бөле алмайды.
Балалары өсіп, жетілген соң барып Талғат өмірінде өте қиын кезең басталғанын түсінеді. Қызы бимен айналысқысы келеді және әкесіне ескертпестен би училищесіне оқуға түседі. Ал ұлы әкесімен тіпті сөйлеспейді де. Ол анасының өліміне әкесін кінәлап, осы үшін әкесін кешіре алмайды.
Талғат болса, ұлының өзіне деген махаббаты мен сыйластық қарым-қатынасын қайтаруға бар күш-жігерін жұмсайды. Сәбит мектепте жергілікті бұзақылармен байланысады. Бірақ баласымен қанша түсінісейін деп талпынғанымен, бұдан ештеңе шығара алмайды.
Қызы болса би сабағы кезінде аяғынан жарақат алады. Бұл да көп шығынды қажет етеді. Талғат балаларының жоқшылықта өмір сүрмеуі үшін несие алып, қарызға белшесінен батады.
Сонымен қатар Талғат балаларына ана өзіне жақсы жар болатын жанды табуға тырысады. Ол әйелдермен танысып, кездескен сайын ондай адамды табу оңайға соқпайтынын түсінеді. Бірі қызына ұнамаса, енді бірі әйел балаларды ұнатпайды.
Көп сериялы драма «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша «567 creative laboratory» ЖШС-мен түсірілді.
Кинотуындының авторы мен режиссері Асқар Ұзақбаев, басты рөлдерді Азат Сейтметов (әке), Әлихан Байсұлтан (баласы), Жұлдыз Әнуарова (қызы) орындайды.
