«Қазақстан Аруы-2016» ақшалай сыйақының жартысын қайырымдылыққа жұмсамақ

«Жеңемін деп үміттендім. Мен барлықтарыңыздың үмітін ақтауға тырысамын. Мен ақшалай сыйақының жартысын мүмкін жетімдер үйіне қайырымдылыққа беремін. Қалған жартысын өзімнің ата-анама табыс етемін», - деп ағынан жарылды Гүлбану Әзімхан «Қазақстан Аруы-2016» байқауын жеңіп алған сәтте.
Еске салайық, «Қазақстан Аруы-2016» байқауының 20-шы мерейтойлық шоуы Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Биыл байқаудың финалдық кезеңіне 25 қатысушы жолдама алды. Олардың ең кенжесі 16 жаста.
«Қазақстан Аруы-2016» атағын Қызылорда өкілі, 18 жасар медициналық колледждің студенті Гүлбану Әзімхан иеленді. Енді ол «Әлем Аруы-2017» байқауында еліміздің намысын қорғайтын болады. Сонымен қатар оған 5 миллион теңге сомасында сыйақы табыс етілді. Қарашаның 30-нан бері «Қазақстан Аруы» ресми сайтында арқылы халықтық дауыс беру өткізілген болатын.
Бірінші вице-мисс атағын «Астана Аруы» Елназ Нұрсейітова алса, екінші вице-мисс болып «Көкшетау Аруы» Жанар Найманбаева танылды. Үшінші вице-мисс атағына «Өскемен Аруы» Анастасия Усольцева ие болды.