Қазақстан аруы байқауына қатысушылар мен студенттер ауру балаларға қан берді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Акцияны ұйымдастыру комитеті мен Ұлттық «Қазақстан аруы» байқауына қатысушылар бірлесе өткізді. Қайырымдылық шарасына Алмалы ауданының әкімшілігі мен «Қалалық қан орталығы» және С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қолдау білдірді. Шараға 150-дей адам ат салысты. Олардың ішінде «Қазақстан аруы» байқауына қатысушы үміткерлер және С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің студенттері белсенділік танытты.
«22 ЖОО орналасқан Алмалы ауданында студенттер көп. Сондықтан да бұл шараға студенттер қатысып, қан тапсырды. Біздің бұл бастамамызды қалалық қан орталығы бірауыздан қолдап, шараның ойдағыдай өтуі үшін бар жағдайды жасады», - дейді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Надежда Яковлева.
«Мұндай қайырымдық акциясы халықты қайырымдылық жасауға үйретеді. Бұл өте маңызды шара. Ауруға шалдыққан балалар үшін үлкен көмек», - дейді «Қазақстан аруы» байқауына Қостанай қаласының атынан қатысушы Светлана Расщупкина.
Сондай-ақ бүгін «Қазақстан аруы» байқауына қатысушы арулар Алматы қалалық ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасы өткізетін «Байқаңыздар, балалар!» акциясына қатысады. Ал осы сенбіде Сайран көлінде жалпы қалалық сенбілікке қатыспақ.