Қазақстан АСЕАН қорғаныс министрлерінің отырысына қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Филиппинде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығына (АСЕАН) мүше 10 ел қорғаныс министрлерінің 4-інші кеңейтілген отырысы өтті. Кеңеске сондай-ақ 8 серіктес мемлекет қатысты.
«Хабар 24» арнасының хабарлауынша, тараптар аймақтың қауіпсіздік мәселесін талқылады. Сондай-ақ теңіздегі қауіпсіздік, киберқауіпсіздік, апатты жағдайларда көмек көрсету және бітімгерлік операциялары сөз болды.
Кездесу соңында Филиппин мен Аустралия елдері «Ирак және Левант» лаңкестік тобына бірлесіп қарсы тұруға уағдаласты.
«Аустралияның қорғаныс күштері Филиппинге оқу-жаттығу тобын жібереді. Жақын күндері радикалдық топтармен күрес аясында бірқатар қалада әскерилерді дайындық жаттығулары басталады», - деді Аустралияның қорғаныс министрі Марис Пейн.
Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы 1976 жылы құрылған. Оның құрамында 10 ел: Малайзия, Сингапур, Индонезия, Таиланд, Бруней, Филиппин, Лаос, Вьетнам, Мьянма және Камбоджа бар. Папуа - Жаңа Гвинея мен Шығыс Тимор елдері ұйымның арнайы бақылаушылары саналады. 2010 жылдан бастап қауымдастыққа мүше елдердің қорғаныс министрлерінің жиыны олардың негізгі 8 серіктесімен бірлесіп өткізіле бастады. Серіктестер қатарында Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ және тағы бірқатар ел бар.