Қазақстан АСЕАН+3 облигациялар нарығы форумында бақылаушы мәртебесін алды

АСТАНА. KAZINFORM — АСЕАН+3 елдері қаржы министрлерінің шешімімен Қазақстанның АСЕАН+3 облигациялар нарығы форумында (ASEAN+3 Bond Market Forum) бақылаушы мәртебесін алуға өтінімі мақұлданды, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Казахстанский флаг, Казахстан, Қазақстан туы, Қазақстан
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Агенттіктің мәліметінше, АСЕАН+3 Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына (АСЕАН), сондай-ақ ҚХР, Жапония және Корея Республикасына мүше 10 елді біріктіреді.

— АСЕАН +3 облигациялар нарығы форумының негізгі мақсаты — Азия аймағында бірнеше валютада облигациялар шығару тетіктері (ASEAN+3 Multi-Currency Bond Issuance Framework) арқылы облигациялардың ықпалдастырылған нарығын құру үшін жағдайлар жасау. Мұндай бастама ҚХР, Жапония, Корея Республикасы, Малайзия және т. б. сияқты бастамаға қатысушы елдердің ұлттық нарықтарында облигациялар шығаруға және бір мезгілде орналастыруға мүмкіндік береді. Азия облигациялар нарығы сыйымдылығы бойынша АҚШ пен ЕО-дан кейінгі әлемдегі үшінші аймақтық нарық саналады. Қазақстанның осы бастамаға қосылуы қазақстандық эмитенттер үшін аталған нарыққа кіруге мүмкіндік береді, — делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарламасында.

2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық облигациялар нарығының жиынтық сыйымдылығы 100 млрд АҚШ долларына (баламасында) жетті. Биылғы жылы Азия Даму банкі Қазақстанның облигациялар нарығы бойынша Нұсқаулық жариялайды деп күтіліп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдарына талапты күшейтетіні анықталды.

Соңғы жаңалықтар