Қазақстан Әскери-әуе күштері жаңа С-295 әскери ұшағымен толықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Алматы қаласындағы авиациялық базаға Қазақстан әскери-әуе күштері үшін төртінші С-295 ұшағы келіп қонды. Бұл ұшақ Қазақстан тарапы мен еуропалық «Airbus Military» авиациялық концернінің арсында бұған дейін жасалған келісімшартқа сәйкес келіп отыр. Біздің Қарулы Күштер үшін осындай сегіз әуе кемесі жеткізілетін болады, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан Әскери-әуе күштері жаңа С-295 әскери ұшағымен толықты

Ұшақтың ұшып келуі Испания - Грекия - Әзербайжан - Қазақстан бағытымен үш кезеңде жүзеге асты. Оны әуе кемесінің командирі майор Дмитрий Гроц, командирдің көмекшісі майор Арман Жаникеев бастаған қазақстандық экипаж бен испаниялық экипаж жүзеге асырды.

Бұл тектес ұшақтар Қазақстанда 2012 жылғы желтоқсаннан бері пайдаланылып келеді. Бүгінде қазақстандық ұшқыштар мен техниктер оларды толықтай игерді. С-295 экипаждары Қазақстан аумағында және алыс шетелдерде өткен барлық оқу-жаттығуларға қатысып жүр. Пайдалануға берілген екі жыл ішінде С-295 біздің табиғи-климаттық жағдайда өзін сенімді және күй талғамайтын ұшақ ретінде көрсетті. Қазіргі таңда Қарулы Күштердің техникалық жарақтануы айтарлықтай артты. Қарулы Күштерді қазіргі заманғы авиациялық техникалармен жарақтандыру әскерлердің ұтқырлығын арттырып, әскери-көліктік авиация паркін жаңартуға мүмкіндік береді.