Қазақстан әскері дәстүрге құрмет көрсетіп, әз-Наурызға тыңғылықты дайындалды (ВИДЕО, ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері әз-Наурызды өткізуге жан-жақты дайындалды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Нақтырақ айтқанда, Қарулы күштердің барлық әскери бөлімінде мәдени-ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылған. Салтанатты жасауымен киіз үй тігілсе, мол дастарқан мен спорттық жарыстар мерекенің ажарын аша түспек. Ең бастысы, барлығы да ұлттық салт-дәстүр тақырыбында өткізіледі.
«Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылық әскери қызметшілері Наурыз мейрамына алғашқылардың қатарында дайындық жұмыстарын өткізді. Олар жергілікті тұрғындармен бірлесіп алтыбақан теуіп, ақшаңқан киіз үй тікті. Офицерлер мен сарбаздар қыз қуу, теңге алу, арқан тарту сияқты ұлттық ойындарға қатысса, апа-әжелеріміз ұлтымыздың дәстүрлі Наурыз көжесін әзірледі. Көктем мерекесіне Қазақстандағы жалғыз тау-қорығы ротасының әскери қызметшілері де қатысып, ат құлағында ойнайтын сарбаздар тамаша өнер көрсетті.