Қазақстан әскері Түркиядағы әскери жаттығуларға қатысып жатыр

КАРС. ҚазАқпарат - Түркияның шығысындағы Карс провинциясында «Қыс-2023» ең ірі әскери жаттығулары өтіп жатыр. Биыл әскери маневрлерге қазақстандық әскерлер де қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Шараға әлемнің 17 елінің әскері қатысуда.

Жаттығулар 10 қаңтарда басталып, Түрік Қарулы Күштерінің 14-ші мотоатқыштар бригадасы қолбасшылығының жауапты аймағындағы атыс полигонында өтіп жатыр. Жаттығуларды үйлестіру Түркия Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің 9-шы корпусының қолбасшылығына жүктелген.

Жалпы, қысқы оқу-жаттығуларға 1758 әскери қызметкер қатысып, 651 техника жұмылдырылған, 865 қару-жарақ қолданылуда. Оқу-жаттығуларға сондай-ақ авиация, танк бригадалары, артиллериялық бөлімшелер, минометшілер мен мергендер, сондай-ақ арнайы жасақ бөлімшелері тартылды.

Командаларды дайындаудың негізгі міндеті - қысқы жағдайда техникалық қызмет көрсету және бақылау жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету. Жалпы міндеттер аясында бірлескен іс-қимылдар кезінде өзара іс-қимыл мен үйлестіруді қамтамасыз ету, жауынгерлік техниканың жұмысын бақылау, сондай-ақ бөлімшелердің арнайы мүмкіндіктерін қамтамасыз ету бойынша әскерлердің дайындық деңгейі тексеріледі.

Қазақстандық әскери қызметшілер мұндай оқу-жаттығуларға 2022 жылы Қазақстанның арнайы операциялық күштері құрылғаннан бері алғаш рет қатысуда. Олар халықаралық деңгейде жауынгерлік дайындықта айтарлықтай жақсы нәтижелер көрсетуде.

Жаттығулар 2 ақпанда аяқталады.

Ақжігіт Шүкібаев


Соңғы жаңалықтар