Қазақстан әскерилері Халықаралық армия ойындарының барлық кезеңінде жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның әскери қызметшілері Халықаралық армия ойындарының барлық кезеңінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Халықаралық армия ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

«Артиллериялық атыс шеберлері», «Тактикалық мерген», «Меридиан» конкурстары Жамбыл, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы үш оқу-жаттығы полигонында өтті. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Зимбабве, Иран, Қытай, Қырғызстан, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан командалары қатысты.

Үш конкурстың бәрінде Қазақстанның әскери қызметшілері жеңіске жетті.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы Марат Құсайынов әскерилер бәсекесінің қорытындысын жария етті.

Мәселен, Жамбыл облысындағы «Гвардейск» полигонында өткен «Артиллериялық атыс шеберлері» конкурсында қазақстандық миномет есептоптары бірінші орынға ие болды. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша екінші орынды Ресейдің әскери қызметшілері иеленсе, үшінші орынға Әзербайжанның артиллеристері көтерілді.

Қарағанды облысындағы «Спасск» полигонында өткен «Тактикалық мерген» байқауында бірінші кезеңнен-ақ Қазақстан командасы көш бастады. Біздің жауынгерлер барлық кезеңдерде сенімді жеңіске жетіп, байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға ие болды. Жеңіс тұғырының екінші сатысына Қытай командасы көтерілсе, үшінші орынды Өзбекстан мен Ресей құрамалары бөлісті.

Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында Әскери топографтар кәсіби шеберліктерін сынға салды. «Меридиан» байқауында да бірінші орынға Қазақстан командасы ие болды. Екінші орынды – Қытай әскери қызметшілері, үшінші орынды Өзбекстан мен Беларусь командалары өзара бөлісті.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар әр конкурста жеке номинациялар бойынша жеңімпаз атанғандар да жүлделермен марапатталды.


Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі




Соңғы жаңалықтар