Қазақстан әскерилері тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық Азия өңірі ұжымдық жедел өрістету күштерінің «Рубеж-2022» бірлескен оқу-жаттығуына қатысушылар 1995 жылы Тәжікстанда қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан әскерилері тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті

Душанбе қаласының «Достық» саябағында өткен рәсімге Тәжікстан Республикасындағы әскери атташе генерал-майор Асқар Мұстабеков, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Бағлан Өсербаев және қазақстандық десантшылар қатысты. Олар қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, боздақтардың рухына тағзым етті.

1995 жылы сәуірде Пшихавр шатқалындағы тәжік-ауған шекарасында Қазақстанның бітімгерлік ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылына тап болған. Сол ұрыста 17 әскери қызметші қаза тапты.

Айта кетсек, Тәжікстандағы «Харбмайдон» полигонында Орталық Азия өңірі жедел өрістету ұжымдық күштерінің «Рубеж-2022» бірлескен оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Оған Қазақстан Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері қатысады.







Фото : gov.kz