Қазақстан астығы қайда экспортталады?

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның астық экспортындағы позициясы ілгерілеп келеді. Сала өткен жылы рекордтық деңгейге жетті. Желтоқсан айында миллион тоннаға жуық астық шетел асса, жыл бойы 7,9 млн тонна өнім экспортталған.

астық экспорты
Коллаж: Kazinform/Pixabay

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйек айы мен 2025 жылдың наурыз айы аралығында экспортқа 6,4 млн тонна астық жөнелтілген. Басым дені Өзбекстан мен Тәжікстанға тасымалданыпты.

– Жаңа егіннің астық экспортының өсуі байқалады. Өзбекстанға – 31,7% (1,8 млн тоннадан 2,4 млн тоннаға дейін), Тәжікстанға – 50% (633 мың тоннадан 954 мың тоннаға дейін), Ауғанстанға – 40% (192 мың тоннадан 261 мың тоннаға дейін), Қырғызстанға - 88%-ға (78 мың тоннадан 147 мың тоннаға дейін) дейін артты, – делінген министрлік мәліметінде.

Айта кету керек, Иран мен Әзербайжанға да қазақстандық астық жеткізілімі ұлғайды. Кейінгі жылы Иранға – 17,6 есе, Әзірбайжанға – 84 есе артық экспорт жасалған.

Бұған дейін әлемдік астық экспортының отандық нарыққа қалай әсер ететінін талдаған едік.

Соңғы жаңалықтар