Қазақстан астығын экспорттау жоспарға сай жүзеге асырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ағымдағы жылда 9 млн. тонна астық экспорттайды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қазақстан астығын экспорттау жоспарға сай жүзеге асырылуда

«Бұл бағыттағы біздің болжамдар бүгінде нақтыланып отыр. Ағымдағы маркетингтік жылда, яғни 2016 жылдың 1 шілдесі мен 2017 жылдың 1 шілдесі аралығында 9 млн. тоннаға тарта астықты (ұнды қоса есептеген) экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз»,-деді Айтуғанов.

Оның сөзіне қарағанда, экспорт бағытында жаңа мүмкіндіктер пайда болуда.

Сонымен қатар Айтуғанов агроөнеркәсіптік бағдарлама 5 жылдың ішінде бидай егістерін қысқартуды қарастырып отырғандығын еске салып өтті.

«Бірақ, бұл астық өндіру көлемін азайтпайды. 2011-2016 жылдарда бидай егістігінің көлемі 2 млн. гектарға азайғанымен, осы қадамдар астықтың жалпы жиынтығына әсер еткен жоқ. Сондықтан да біз егіс аймақтарынан барынша көп сапалы өнім алуға мән беріп отырмыз»,-деді ол.

Айта кетейік, қазақстандық астық пен ұн экспортқа шығарылатын дәстүрлі нарықтардың қатарында Орта Азия елдері, Ауғанстан, Иран, Әзербайжан мемлекеттері бар. Сонымен бірге Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Еуропалық одақ елдері мен Қытайға да астық жеткізу көлемі ұлғайтылмақ.

2016 жылы еліміз мол өнім алып, 23,7 млн. тонна астық бастырды. Өнімділік гектарына 15,4 центнерді құрады. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық түсім болып отыр.