Қазақстан астығын Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға экспорттауға басымдық берілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға астық экспорттауды жолға қоймақ.

Қазақстан астығын Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға экспорттауға басымдық берілмек

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің мәліметінше, Қазақстан астығына әр уақытта да сұраныс бар. Біздің негізгі нарықтарымыз - Иран, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері. Қазіргі уақытта Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Қытайға астығымызды экспорттауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне астық экспорттау мәселесі бүгінде өз шешімін тапты десе де болады. Соңғы 3-4 жыл бойы біз Қытайға астық экспорты жылдан-жылға еселенуде. Бұдан бөлек, болашақта Қытай арқылы Оңтүстік-Азия елдеріне, оның ішінде Оңтүстік Кореяға шығу мүмкіндігі қарастырылуда.

Қыркүйек айының соңында Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов 2014-2015 маркетинг жылында Қазақстан 7 млн. тонна астық экспорттайтынын айтқан болатын. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда халықтың тұтынуына және мал азығына 6 млн. тонна астық қажет. «Міне, осыны және өткен жылдан қалған бидайды ескерсек, кемінде 7 млн. тонна астықты экспортқа шығаруға әлеуетіміз жеткілікті», - деді комитет төрағасы.

Атап айтқанда, еліміздегі ҮИИД бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тиісті қолдау жасалуда. Осы орайда мақсат - ауыл шаруашылығында сапалы өнімді экспорттауға жағдай жасап, еліміздің сапалы ұнын шетелдегі тұтынушыларын барынша арттыру.

Ішкі нарықтағы астық бағасы көтеріліп отыр. 2014 жылы 3-ші сұрыпты жұмсақ бидайдың ішкі нарықтағы бағасы тоннасына 42 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылғы бағамен салыстырғанда біршама жоғары.

Комитет басшысының сөзіне қарағанда, 4-ші сұрыпты бидайдың тоннасы 36 мың, 5-ші сұрыпты бидай 28 мың теңгені құрайды.

«Осылайша астық шығымы мен сапасының төмендеу ағымдағы жылы астық бағасының артуы есебінен өтелетін болады», - деді С.Қасенов.