Қазақстан астығының бағасы өсуі мүмкін
АЛМАТЫ. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін "Еуразия сауда жүйесі" тауар биржасындағы астық саудасында баға ауытқуы тіркелген жоқ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат биржаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір күн бұрын онда 3-4 сыныпты бидайға фюьчерстік келісімшарттар желісінде бағаның өсуі 3,3 пайызды құраған болатын. "Торино-06" брокерлік компаниясының директоры Оразбек Сәрсенбінің айтуынша, Қазақстан астығы бағасының көтерілуі мүмкін. 2010-2011 маркетингтік жылда 2003 жылғы сценарийдің қайталануы ықтимал. Ол кезде астық өнімділігінің төмендігінен Ресей өзінің экспорттық уәделерін орындау үшін Қазақстаннан сатып алған болатын. Қазір астық нарығына қатысушылар арасында астықты қазір сатқан дұрыс па, жоқ күзді күткен жөн бе деген ой мазалауда.
2-3 апта бұрын батыстағы тауар нарықтарында Ресей, Канада Украина, Қазақстан және бірқатар Еуропа Одағы елдерінде астық өнімділігіне жасалған болжамның қайта қаралуы туралы ақпараттар бойынша, бидай бағасы 15-тен 25 пайызға дейін көтерілген еді. Қазіргі таңда астық құны шамалы ғана төмендеді. "Еуразия сауда жүйесі" тауар биржасында 3-4 сыныпты астықтың фьючерсі шілденің бас кезіндегі көрсеткішпен салыстырғанда орта есеппен 17 пайызға қымбаттады.