Қазақстан астық экспорттаушы әлемдік алпауыттардың бестігіне ене алады
АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан әлемдік астық экспорттаушылар алпауыттарының бестігіне кіре алады.
Бұл пікірді бүгін «KAZGRAIN-2012» V қазақстандық астық форумы барысында Қазақстан Астық одағының президенті Нұрлан Тілеубаев білдірді.
«Мен Қазақстан негізгі астық экспорттаушылардың бестігіне кіре алады деп санаймын. Өйткені ол өзіне мемлекеттік компаниялардың баланысында болуы мүмкін 5 миллион тонна көшпелі астық қорын қалдыра алады. Қаржылық ресурстар да, бидайдың кепілмен сатылуы да осындай қордың болуына мүмкіндік береді», - деді ол.
Оның пайымынша, елімізде жеткілікті астық қоймаларының болмауы астық экспортындағы түйткілді жайттардың біріне айналып отыр. Алтын дән экспортының адымын аштырып, тынысын кеңейту үшін осындай қоймаларды салуға мүмкіншілік беру қажет. Бұл ретте астық өндіретін шаруа қожалықтары қойманың қажеттілігін өте жақсы түсінгенімен, оны салуға қажетті қаржыны бөлуге қауқарсыз. Сондықтан да оның құрылысына экспорттаушылар да өз үлесін қосуы керек.
«Бүгінде Қазақстанда жайлы инвестициялық ахуал құрылған. Тіпті Қазақстанның резиденті болып табылмайтын компаниялар да елімізде екі аптаның ішінде тіркеліп, астық экспорттауға мүмкіндік ала алады», - деді ол.