Қазақстан астық нарығын мемлекеттік реттеу формасын жетілдіруі қажет - С.Ахметов

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан астық нарығын мемлекеттік реттеу формасын жетілдіруі қажет.

Қазақстан астық нарығын мемлекеттік реттеу формасын жетілдіруі қажет - С.Ахметов

Бұл туралы бүгін «KAZGRAIN-2012» V қазақстандық астық форумы барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов айтты.

«Астық мәселесі Қазақстан үшін ерекше маңызды екендігі белгілі. Сондықтан Елбасының тапсырмасына сәйкес елімізде ауыл шаруашылығын өркендету, оның ішінде астық өндіру саласын жаңғырту шаралары қолға алынуда. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі жалпы Қазақстанның астық холдингін құру», - деді ол.

Оның атап өтуінше, ағымдағы маркетинг жылында мемлекеттік қолдауды арттыру және заманауи агротехнологияны қолдаудың арқасында республикада 22,7 миллион тонна астық жиналды. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін 15 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.

«Қазақстанның астығы мен ұнын әлемдік нарыққа, оның ішінде Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияға шығаруда астық нарығын мемлекеттік реттеудің формасын жетілдіру қажет етіледі», - деп атап өткен С.Ахметовтің пайымынша, ол үшін астықты сақтау және тасымалдау инфрақұрылымдарын дамыту, жаңа астық қоймаларын салу, айлақтық терминалдардың құрылысын жүргізу, астық тасымалдайтын вагондар сатып алу сынды шараларды атқаруымыз қажет.