Қазақстан ат спортынан Астанадағы халықаралық турнирлерде 14 медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM –Астанада ат спорты бойынша халықаралық турнирлер сериясы өз мәресіне жетті.
Үш күнге созылған жарыс барысында аренада Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Бразилия, Үндістан, Беларусь, Колумбия, Марокко, Оңтүстік Африка Республикасы және өзге де елдердің спортшылары бақ сынады.
Турнирлер сериясы FEI Jumping World Challenge финалы мен конкурдан CSI-W әлем кубогы кезеңімен басталды. CSI-W FEI Jumping World Cup жарысында Өзбекстан өкілі Хуршидбек Алимжанов CHAMPIONS LEAGUE тұлпарымен топ жарды. Қазақстандық Бекжан Байжанұлы KING DIAMOND сәйгүлігімен күміс медаль иеленсе, қырғызстандық Ринат Галимов D’ARTAGNAN Z тұлпарымен үздік үштікті түйіндеді.
FEI Jumping World Challenge Final 2026 турнирінің алғашқы іріктеу сайысында Өзбекстан спортшысы Бекзод Розмухамедов FLORIZELL тұлпарымен жеңіске жетті. Екінші орынды бразилиялық Бернардо Краус Герра иеленді. Ал жаңа зеландиялық Эйми Коллинсон үздік үштікті түйіндеді.
Жарыстың алғашқы күніндегі ең күрделі сындардың бірі CSI-W FEI Jumping World Cup аясындағы Equestrian Cup Гран-приінің іріктеу бағыты болды. Бұл бәсекеде қазақстандық Олег Соколенко CINDERELLA сәйгүлігімен жеңіске жетті. Бейтарап мәртебеде сынға түскен Сергей Петров екінші орын алса, Олеся Лукина (бейтарап мәртебе) қола медальға ие болды.
Challenge Final турнирінің екінші іріктеу кезеңінде де Бекзод Розмухамедов үздік нәтиже көрсетті. Марокколық Нал Зеруал күміс жүлдеге ие болса, бразилиялық Бернардо Краус Герра қола медаль жеңіп алды. Үздік бестіктің қатарына қазақстандық Әнуар Досмаилов та енді.
CDI 1* (St. George) бағдарламасы бойынша өткен дрессура жарысында өзбекстандық Алина Шевцова жеңімпаз атанды. Қырғызстан өкілі Екатерина Каркавцева екінші орын иеленсе, қазақстандық Дарья Попова қола медальға қол жеткізді.
Жарыстың екінші күнінде Дарья Попова CDI Intermediate I бағдарламасында екінші нәтиже көрсетті. Ал CDI 3* Гран-приінде тағы да Алина Шевцоваға тең келер спортшы болмады. Екатерина Каркавцева бұл сында үшінші орын алды.
ҚР ҰОК мәліметінше, CSI-W әлем кубогы кезеңіндегі 135 сантиметрлік бағытта Олег Соколенко қола медаль иеленді. Қазақстан қоржынына тағы бір алтын жүлдені Раиса Соколенко салды. Ол URAN-NAD WIGRAMI тұлпарымен ULTIMA YANDEX CUP жарысында жеңіске жетті.
Турнирдің ең тартысты жарыстарының бірі Six Bar Jump-Off болды. Бұл сында кедергілердің биіктігі 170 сантиметрге дейін жетті. Нурила Турисбекова мен Ясмин Ибрагимова жеңімпаз атанып, Қазақстан қоржынына екі алтын медаль салды.
Шешуші жарыс күнінде FEI Jumping World Challenge Final турнирінің жеңімпаздары анықталды. Биіктігі 120 сантиметр болатын финалдық бағытта бразилиялық Бернардо Краус Герра топ жарды. Күміс медальді Бекзод Розмухамедов иеленсе, колумбиялық Николас Родригес Посада қола жүлдеге қол жеткізді.
CSI-W AEF/Mantena CUP (135 см) жарысында Олег Соколенко SHENANIGAN тұлпарымен чемпион атанды. Сондай-ақ ол SELLY BLUE сәйгүлігімен екінші орын алды. Қола медаль Нурила Турисбековаға бұйырды.
Турнирлер сериясының басты жарысы кедергілер биіктігі 160 сантиметр болатын Grand Prix Maxima Masters Eurasia Cup CSI-W бәсекесі болды. Бұл додада бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен Богдан Васковский жеңімпаз атанды. Ксения Хайрулина күміс жүлдеге ие болды. Ал қырғызстандық Камил Сабитов қола медаль жеңіп алды.
CDI 1* (Intermediate I Freestyle AEF/Mantena Cup) бағдарламасында Дарья Попова Қазақстанға қола медаль сыйлады. Ал GRAND PRIX FREESTYLE CDI 3* жарысында тағы да Алина Шевцова жеңіске жетті.
Үш күнге созылған халықаралық турнирлер қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы өз алаңындағы жарыстарда 14 медаль жеңіп алды.
Астанада үш бірдей FEI турнирі қатар өтетінін жазған едік.