Қазақстан ӘТК кемелері Каспийде 5 күндік оқу-жаттығуын бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» және «Сарыарқа» ракеталық-артиллериялық кемелері теңізге шықты. Теңізде жүзу 5 күнге созылады. Бұл уақыт аралығында әскери теңізшілер судың тереңдігіне қарай күндізгі және түнгі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу шеберлігін шыңдап, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы аумағын жүзіп өтеді.

Қазақстан ӘТК кемелері Каспийде 5 күндік оқу-жаттығуын бастады

Бұл туралы ҚР ҚМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің (ӘТК) әрбір кемесі 901,6 теңіздік миль (шамамен 1700 километр) қашықтықты жүзіп өтеді. ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері қолбасшысы басқармасының мәліметінше, аталған оқу-жаттығу Қазақстанның ӘТК әскери даярлық бағдарламасында қарастырылған. Ол тұрақты әскери дайындықты қолдауға және әскерилердің теңіздегі дағдыларын арттыруға арналған. Оның аясында теңізшілер Каспий теңізінің қазақстандық аумағындағы судың асты-үстіндегі ахуалды зерттейді.

Сондай-ақ, жағалауға жақын жүзу, навигациялық қауіптерді еңсеру, 30-40 метрге якорь тастау, әскери кеменің қару-жарағынан артиллериялық оқ атуды орындайды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Әскери-теңіз күштері миналық-көліктер, әскери ракеталық-артиллериялық кемелермен қамтылған. 2020 жылға дейін кезең бойынша дамыту жоспарына сәйкес Әскери-теңіз күштерін қосымша заманауи кемелер мен көмекші қайықтармен жарақтау жоспарланып отыр.