Қазақстан Әуе қорғанысы күштері жас офицерлермен толықты
АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен құрылымдары әскери оқу орнын бітірген түлектермен толықты. Қазақстанның, Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының әскери оқу орындарын бітірген 44 лейтенант Талдықорғандағы авиациялық базада жас офицерлердің оқу жиынына қатысты.
Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жас офицерлер дене және атыс дайындықтары бойынша дайындықтан өтіп, мемлекеттік-құқықтық дайындық, Жалпы әскери жарғы, мемлекеттік құпияларды қорғаудан лекциялар тыңдады. Жиында алған білім мен тәжірибе жас офицерлердің ертеңгі әскери қызметіне пайдасын тигізері сөзсіз.
Сондай-ақ, жаңадан келген әскери қызметшілер моральдік-психологиялық жағдайын анықтау мақсатында психологиялық тестілеуден өткізілді.
Жиынға Әскери әуе күштері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Еркін Жұмағалиев басшылық жасады, ол жас лейтенанттарға қызметтеріне табыс, өз мамандықтарының ерекшеліктерін толық меңгерулерін тіледі.