Қазақстан әуежайларында ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға жағдай жасалады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан әуежайларында ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру және оларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Көлік министрлігі.
Азаматтық авиация комитетінде өткен жұмыс кеңесіне Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен әуежайлардың өкілдері, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету мәселелері бойынша Гүлнәр Баймолдина қатысты.
Жиында жолаушының әуежайға келген сәтінен бастап ұшуға дейінгі барлық негізгі кезеңдердегі инфрақұрылымның қолжетімділігі қаралды. Атап айтқанда, терминалға іргелес аумақтан бастап, ғимарат ішінде қажетті рәсімдерден өту және қызметтерді пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыру, тұрақтан терминалға дейін кедергісіз жету, тротуарлардан түсу жолдары, кіреберістер, пандустар, баспалдақтар мен көтергіш платформалардың қолжетімділігі мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар жолаушылар терминалының ішінде кедергісіз қозғалу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Көру және есту қабілеті төмен жолаушылар үшін ақпарат пен навигацияның қолжетімділігіне ерекше назар аударылды. Тактильді мнемосхемалар мен бағыттағыштарды, Брайль қарпін, визуалды ақпараттандыру құралдарын және есту қабілеті төмен адамдарға арналған индукциялық жүйелерді пайдалану мәселесі талқыланды.
– Әуежайларда тек пандус немесе басқа да құралдардың болуымен шектелмеу керек. Адам жолға шыққан сәттен бастап баратын жеріне дейін еш кедергісіз жетіп, қажетті ақпаратты еркін алып, өздігінен қозғала алуы немесе қажет болған жағдайда қызметкерден көмек алуы үшін барлық мүмкіндік өзара байланысқан біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі қажет, – деді Гүлнәр Баймолдина.
Кеңесте сүйемелдеу қызметтерінің жұмысы, ақпарат және анықтама бөлімдерінің қолжетімділігі, әуежай қызметкерлерінің түрлі жағдайда көмек көрсетуге дайындығы, сондай-ақ ана мен бала бөлмелерінде тиісті жағдай жасау мәселелері де қаралды.
Әуежай өкілдері мұндай мәселелерді бірлесіп талқылау, практикалық тәжірибе алмасу және инфрақұрылым мен қызмет көрсету рәсімдерін одан әрі жетілдіру маңызды екенін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша әуежайларға нысандардың қазіргі жағдайы мен жолаушылардың әртүрлі санаттарының қажеттіліктерін ескере отырып, қолданыстағы қызмет көрсету процестеріне қосымша талдау жүргізу ұсынылды. Сондай-ақ қолжетімділік саласындағы заманауи халықаралық тәжірибелерді енгізу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтық авиация нысандарының қолжетімділігін жетілдіру бағытындағы жұмысты әуежайлармен бірлесіп жалғастырады.
Айта кетейік, Жамбылда 204 ерекше баланың құқығы қорғалды.