Қазақстан Ауғанстанда тырысқақ ауруының өршуіне байланысты оңтүстік шекарада бақылауды күшейтті
АСТАНА. 21 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Ауғанстанда тырысқақ ауруының өршуіне байланысты оңтүстік шекарада бақылауды күшейтті. Бұл туралы бүгін еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті.
«Қазіргі таңда Тәжікстанның Ауғанстанмен арадағы шығыс шекарасы Бадахшан өлкесінде 1709-дан астам адамның тырысқақ ауруын жұқтыруына байланысты жабық. Біз оңтүстік бағыттағы бақылауды күшейттік. Ол жақтан біздерге Тәжікстан мен Ауғанстаннан мигранттар келуі мүмкін», - деді ол.
Оның атап өтуінше, республиканың аумағына карантиндік инфекциялардың әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде жақын және алыс шетелдерден келетін адамдарға мониторинг күшейтілетін болады.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда әлемдегі тырысқақ бойынша эпидемиологиялық жағдай алаңдаушылық тудырады. Мәселен, ДДҰ-ның ресми деректері бойынша әлемнің 19 елінде тырысқақтың 3,3 мыңнан астам оқиғасы тіркелген, оның 74-і өлім-жітіммен аяқталған.