Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды реттеудің жаңа қадамын ұсынады
Жиынға Ауғанстан Сыртқы істер министрі С. Раббани да қатысты.
Талқылау барысында сөз сөйлеген Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Ауғанстандағы қауіпсіздіктің тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп отырғанын айтып, жағдайға алаңдаушылық білдірді. Ондағы ахуалдың тұтастай өңірге ықпал ететінін атап өтті. Бұдан бөлек, Ауғанстанның үлкен әлеуетке ие тартымды әріптес ретіндегі имиджін қалыптастыруға Қазақстан тарапы жәрдемдесуге ұмтылатыны, ауған халқы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мұқтаж екені, жаңа жұмыс орындарын құрудың өзектілігі айтылды. Сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстанмен инфрақұрылым, транзит және көлік, энергетика және тағы да басқа салалар бойынша ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделі екендігі аталып өтті.
«Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды реттеу жөніндегі ұсынып отырған жаңа қадамы қауіпсіздік пен даму мәселелерінің өзара байланысына негізделгеніне назар аударылды. Тұтастай алғанда дебатқа қатысушылар халықаралық қауымдастықты ауған халқына көмек көрсетуді жалғастыра беруге шақырып, ондағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізуге үндеді», - делінген баспасөз баянында.