Қазақстан Ауғанстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені қалыптастыруға көмектеседі

КАБУЛ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Ауғанстан астанасы Кабулға сапармен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Ауғанстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені қалыптастыруға көмектеседі

Олжас Бектенов Ауғанстанның Бас прокурорымен, Әділет министрімен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталық пен Жоғарғы сотттың сот басқармасының басшыларымен кездесті.

Ауғанстанның Бас прокуроры Мохаммад Фарид Хамидимен келіссөз аясында тараптар ведомствоаралық ынтымақтастық туралы меморандум жасасуға келісті.

«О.Бектенов Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайдың жылдам тұрақталуына мүдделі екенін жеткізе отырып, агенттіктің достас елдің құзыретті органдарын, атап айтқанда ауғандық әріптестерді Қазақстанда тұрақты түрде қысқа мерзімді оқыту, онлайн-семинарлар мен біліктілікті арттырудың басқа түрлерін ұйымдастыру арқылы жан-жақты қолдауға дайын екендігін білдірді», делінген хабарламада.

Сонымен қоса, Олжас Бектенов Ауғанстанның америкалық университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді саясат қалыптастырудағы, мемлекеттік қызметті цифрландырудағы, қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастырудағы тәжірибесі аудиторияда қызығушылық тудырды.

Кездесу қорытындылары бойынша агенттіктің қызметкерлері мен танымал қазақстандық сарапшылардың университет студенттеріне видеобайланыс арқылы лекциялар мен семинарлар өткізуі туралы келісімге қол жеткізілді.

Ислам республикасына сапар Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ауғандық әріптестерін елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтірудегі қолдауы бойынша жүйелі жұмысының кезекті қадамы болды.