Қазақстан аумағында автоматтандырылған өлшеу жүйелерінің саны артады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Көлік министрлігі елорданың негізгі кіреберістерінде ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйеге қатысты түсінік берді.

- 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап автоматтандырылған өлшеу станцияларының (бұдан әрі - АӨС) көрсеткіштері негізінде құқық бұзушылардың атына 740-қа жуық айыппұл төлеу қажеттілігі туралы нұсқама жолданды, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы аумағында жергілікті атқарушы органдар 150 автоматтандырылған өлшеу станцияларын, ал «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ 70 АӨС-ті орналастыруды жоспарлап отыр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қыркүйек айында Астана қаласына негізгі кіреберіс жолдарда автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылды. Елорда аумағында қазір 7 өлшеу жүйесі орнатылған.
Былтыр 4 желтоқсаннан елордаға негізгі кіреберіс жолдарда жүк көліктерін автоматтандырылған тәртіпте өлшеу жүйесі «Сергек» қағидаты бойынша жұмыс істейді.