Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайған

АСТАНА. KAZINORM – Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты. 

Өзен аумағы
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

«Географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық саналады. Соның салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің су шаруашылығы саясатына тәуелді. Осыған байланысты Арал-Сырдария, Жайық-Каспий, Шу-Талас, Балқаш-Алакөл су шаруашылығы бассейндері, Тобыл-Торғай және Ертіс су шаруашылығы бассейндері неғұрлым осал болып отыр. География және су қауіпсіздігі институтының деректеріне сәйкес, 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды. Оның ішінде жалпы көлем қысқаруының 9 шаршы шақырымы немесе 72 пайызы жергілікті өзендердің үлесіне, ал трансшекаралық өзендердің үлесіне 3,5 шаршы шақырымы немесе 28 пайызы келеді», - деді Нұржан Нұржігітов. 

Осыған байланысты министр трансшекаралық ағынды азайтудың ықтимал үрдісін ескере отырып, 2030 жылға дейін трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту су қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілерінің біріне айналуы тиістігін баса айтты.

«Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп пайдалану, қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құруды және қолданыстағы шарттарын жетілдіруді талап етеді», - деді ол.